• 29 ноября, 2024 9:25 дп

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Автор:admin

Авг 16, 2023

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының ақпан айындағы есепті кездесуінде бәйдібектіктер бірқатар өзекті мәселелер көтерген болатын. Халық сұранысынан кейін Таңатар ауылының кіре берісіндегі автомобиль жолын жөндеу үшін 255 млн. теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтас елді мекеніндегі жолдарды жөндеуге қаржы бөлінді. Екі мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жұмыстары атқарылуда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді. Шараға Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев, облыстағы барлық басқарма басшылары қатысты.
Өнеркәсіп өнімі көлемі 6 айда 422 млн. теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 1,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі жарты жылда 5 млрд. теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін 25 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. 2027 жылға дейін шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 25 млрд. теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру көзделіп, 290 жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде. Құс еті мен жұмыртқа өндірісі, сүт фермасы, ет өңдеу кәсіпорны, балық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны салынады. Жүн өңдеу цехы, құрама жем зауыты, жел және күн электр стансасының құрылысы жүргізіліп, бірнеше демалыс орындары, сауда орталықтары салынбақ.
Сонымен қатар 2 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бәйдібекте «ERNUR-Корпорациясы» 5 мың басты құрайтын уақ мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Аталған кәсіпорын жылына 200 млн. жұмыртқа өндіретін 600 мың бастық құс фермасының құрылысын салуды жоспарлап отыр. «Казтравертин» компаниясы жылына 25 мың текше метр травертин тастарын өңдеуді жоспарлауда. «Шоқ-Талап» шаруа қожалығы жылына 35 тонналық балық шаруашылығын бастамақ. Жеке кәсіпкер «Э.Ағабекқызы» қуаттылығы жылына 6 000 дана матрас, 12 мың дана жастық шығаратын өндірісті қолға алады.
Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі былтыр 35,6 млрд. теңгеге жетті. Биыл 6 айда 10,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 39 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 2019 жылдан бүгінгі таңға дейін су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 811 гектарға дейін артты.
— Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылды елді мекендерде тұрады, нақты айтқанда 80 пайызы немесе 1,6 млн. адам, яғни 1 миллионға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды. Бағдарламаның аясында өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бағыттары бойынша несиелендіріледі. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бәйдібек ауданында бағдарлама Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 225 млн. теңгеге 41 жоба қаржыландырылды,-деді өз сөзінде облыс әкімі.
Облыста 273,4 мың гектар алқапқа масақты дақылдар егілсе, оның 24 пайызы немесе 66 мың гектарын Бәйдібек ауданының егіс алқабы құрап отыр. Оның ішінде бидай 53 мың гектар болса, арпа 13 мың гектарға егілді.
Шақпақ елді мекеніндегі Алғабас дәрігерлік амбулаториясына 478 млн. теңге қаржы қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағыбет ауылындағы спорт кешенін тамыз айының соңында және Бәйдібек ата елді мекенінде дене шынықтыру және сауықтыру кешенін қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Биыл 76 млн. теңгеге Шаян елді мекеніндегі көп қабатты 3 тұрғын үйдің қасбетінн жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2 елді мекеннің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымына 671 млн. теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды.
Елді мекендердегі тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылуда. Су қоры азайған 15 елді мекеннің жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Барлау жұмыстарының қортындысымен жаңа ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынады. Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінің жер асты су қорлары зерттелуде.
«Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының инвестициялық бағдарламасына сәйкес 8 ауылда тозығы жеткен 695 электр бағанасы мен 36 шақырым электр желісі жаңартылып, 3 трансформатор ауыстырылған. Биыл 2 ауылда тозығы жеткен 249 электр бағанасы мен 10 шақырым электр желісі жаңартылып, 2 трансформатор ауыстырылады. Бәйдібек ата ауылында подстанция салынып, пайдалануға берілді.
— Құрметті жерлестер, өздеріңіз көріп отырғандай, аудан әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Аудан әкімі шежіреге бай, табиғаты қаталдау ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауы керек. Ауданға ауқымды инвестициялар тарту жұмыстарын жалғастыру қажет. Бәйдібек бабамыз: «Тірлік басқа болса да, тілек бір, Бармақ басқа болса да, білек бір», — деген екен. Олай болса, аудан тұрғындарын аудан әкімімен бірлесіп, ауданды дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз,-деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тұрғындармен кездесуінен кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды халықтың қойған сұрақтары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап берді. Талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әр жарты жыл сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысады. Мұндай жиындар өңірдегі барлық аудан, қалаларында өтеді.

Автор: admin