• 27 ноября, 2024 9:58 дп

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЧЕХИЯНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Автор:admin

Окт 10, 2023

Түркістан облысына Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный және Чехия Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Павол Шепеляк бастаған бизнес өкілдері ресми сапармен келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды чехиялық делегация жетекшілерімен кездесіп, екіжақты байланыстарды нығайту мәселесін талқылады. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласында байланыстарды тереңдету бойынша келіссөздер жүргізді.

– Сіздерді Түркістан облысында қарсы алып отырғаныма қуаныштымын. Осы кездесуде және бүгін өтетін бизнес-форумда біздің облыс пен Чехия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бағытында жемісті келіссөздер жүргіземіз деп сенемін. Түркістан – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Үлкен инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Өңірді дамытуға чех компанияларының қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін агроөнеркәсіптік кешенде өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біздің облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Мақта осы өңірде ғана өсіріледі. Осы бағытта әріптестік орнатуға болады. Өңдеу өнеркәсібі саласында бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік мол. Облыста индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы бар. Онда инвесторларға қолайлы жағдай мен жеңілдіктер жасалады. Туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында инвестиция салуға шақырамын. Біз осы салаларға басымдық беріп отырмыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный жылы қарсы алған өңір басшысына алғысын жеткізді. Түркістанда ұйымдастырылған Қазақстан мен Чехия Республикасы кәсіпкерлерінің бизнес-форумын нәтижелі боларына сенім білдірді.

– Біздің мемлекет пен Қазақстан Республикасы арасында байланыс өте жақсы. Кәсіпкерлік саласында да әріптестік бар. Бүгін Түркістан өңіріне елімізден 40-тан астам компания жетекшілері, бизнес өкілдері келіп отыр. Онымен қоса министрлік пен мемлекеттік мекемелердің де өкілдері осында. Түркістан облысы туралы хабарымыз бар. Оңтүстік аймақта орналасқандықтан мұнда жылыжай, ирригация және ауыл шаруашылығы салаларында әлеует бар екенін білеміз. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығы, өнеркәсіп, білім мен ғылым салалары бойынша әріптестік орнатуға, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бизнес-форумда нақты ұсыныстар талқыланып, байланыс нығаяды деген ойдамын, – деді ол.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап Түркістан облысына 6 млрд. АҚШ. доллары көлемінде инвестиция тартылды. Ал Түркістан облысы мен Чехия мемлекеті арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 2 млн. АҚШ долларын құраған.

Автор: admin