• 16 июня, 2025 10:15 пп

Елде референдум өтіп, қабылдаған реформаларды іске асыру жұмысы бірден қолға алынды.   

Автор:admin

Июн 6, 2025
The Kazakh flag and the hand with the bulletin about the ballot box

Президент сайлауын өткіздік, Ұлттық құрылтай құрылды. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар ел ішінде ғана емес, шет елдерде де талқыланып жатыр. Президент айтқандай, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Алдағы мәжіліс және мәслихаттар сайлауы реформалар үшін маңызды әрі шешуші кезең болмақ. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен әкімдер және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткен кеңесте айтқан еді. «Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек», деді Президент. Осылайша, Президент бастамалары іс жүзінде нәтиже беріп, әр тұрғын армандаған Әділетті Қазақстан құру жолындағы қадамға серпін беретін болады. Ел тұрғындарының 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Бұл – Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалдаманың негізінде жария болған дерек. Саяси өзгерістер мен келешектегі даму стратегиясына жоғары баға беріп, оң нәтиже күтетін айтқан.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ,

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры:

– Бір жағынан бұл саяси реформаларға байланысты болса, екінші жағынан сайлау жаңа айналымға ықпал етіп, саяси реформаларға соны қарқын береді. Қазіргі таңда 29 мандат болса да, үлкен бәсекелестікті байқауға болады. Бұл жаңа идеялардың, жаңа ақпа­рат­­тық саяси күн тәртібінің пайда бол­ғанын білдіреді. Сонымен қатар бар­лық деңгейдегі Мәжіліс пен мәсли­хаттардың жаңа құрамдарын сайлау және қалыптастыру саяси жүйені, әлеу­меттік және экономикалық салаларды одан әрі реформалауға негіз болады. Егер Парламент Мәжілісінің алдыңғы шақырылымының қарауында болған заң жобаларына қарасақ, әлеуметтік кодексті, БАҚ, жергілікті өзін өзі басқару туралы заңдарды көреміз. Осы және басқа да заң жобалар жаңа шақырылым­да қарастырылады. Бұдан бөлек жаңа Мәжілістің алдында Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету міндеті тұр. Онда экономикалық, әлеуметтік бағыттарға басымдық беріледі.

– Президент ұсынған аралас сайлау жүйесі іс жүзінде қандай нәтиже береді?

Татьяна ЛИПИНА,

ҚСЗИ жетекші сарапшысы:

– Қазақстан – «көпшіліктің» елі. Бүгінде елімізде көптеген этнос тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұған себеп – географиялық аумақтың кеңдігі. Бұл әр аймақтың орналасқан жеріне байланысты экономикалық, әлеумет­тік, экологиялық қажеттіліктеріне назар аудартады. Мысалы, бір аймақта кедендік және басқа да сауда-саттық құқықтық реттеу қатынастарға қатысты нарыққа тек белгілі бір өнімді шығару керек болса, енді бір жерде аймақтың өндірістік ерекшеліктеріне байланысты экологиялық реттеуге қызығушылық танытуы мүмкін.

Пропорционалды-мажоритарлық жү­­йе әлеуметтік-географиялық репре­зен­тативтілік тепе-теңдігінде тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Ол сайлаудың траекториясын айқындап, партиялардың сайлау алдындағы стратегияларына және сайлаушылардың қатысуына ай­тар­лықтай әсер етеді.

Мұндай жүйеде партиялар өзде­рін жеткілікті ауқымды перспектива­да көрсетуге мүмкіндік алады. Ара­лас сайлау жүйесінің пропорционал­ды құрамдас бөлігі сайлауалды тұғырнаманы нақ­тылау арқылы партияларға ортақ да­уыс жинауға, қолдауға ие болуға мүм­кіндік береді. Партиялар үшін бұл ма­ңызды, себебі мұндай сенім партияның өзектілігін, саяси күн тәртібін және заң­намалық саладағы әрекеттер алгоритмін растайды.

Екінші жағынан, партияның бір мандатты округтер арқылы қатысуы оның жергілікті мүдделерді қорғауға, жағдайға қарай әрекет етуге, қоғаммен тікелей жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. Аудан­дағы депутат мандатын қайтарып алу тетігі партиялық депутаттарды бел­сенді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл да пропорционалды-мажоритарлық жүйенің бір артықшылығы.

Сондай-ақ партиялар халықтың пікірін, олардың әлеуметтік көңіл күйі мен сұраныстарын бақылау тетік­­терін білдіретінін ескерсек, пар­тия­лық өкілдіктің әлдеқайда кең болуы маңызды. Бұл бұрыннан бар және жаңа партияларға да қатысты. Бұл өкілдік сайлауалды бағдарламалардың сапасы мен өзектілігіне әсер етеді. Барлық деңгейде үлкен ресурстарды пайдалана отырып, партиялар сайлауды белсенді ақпараттық қамтуға ықпал етеді. Қоғамды қызықтырып, сайлаушыларды тарту үшін де жұмыс істей алатын белсенді дискурсивті өрісті қалыптастырады.

Осылайша, пропорционалды-мажо­ритарлық жүйе бірқатар артық­шылыққа ие бола отырып, Қазақстанның саяси өрісін күшейтіп, халық мүдде­лерінің кең көлемде жинақталуына ықпал етеді.

– Қазіргі сайлау науқанының сая­си реформаларға қатысты күмәнді тұстары бар ма? Өйткені халық әлі де болса сайлауға сенімсіздікпен қарай­тыны жасырын емес.

 

Жанар ТӨЛЕНДИНОВА, саясаттанушы:

– Енді партиялардың, кандидат­тардың биылғы сайлаудағы үгіт-насихат кезеңіне сараптама жасап айтатын болсақ, олардың уәделері саяси реформаларға қатысты скепсисті жоқ­қа шығарады. Өйткені аралас сайлау жүйесін енгізу, бір мандатты округтер бойынша сайлану мүмкіндігі – азаматтардың сенім деңгейін арттырып, олардың азаматтық, саяси белсенділігін көрсетуге серпін берді деп айтуға болады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin