• 14 сентября, 2025 10:45 дп

Еліміздің әлеуетін жаңа биікке көтеруге міндеттіміз

Автор:admin

Сен 14, 2025

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауы ел тағдырына тың серпін беретін, айқын мақсаттар мен нақты міндеттерге толы тарихи құжат болды. Әсіресе, жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның орны туралы айтылған ойлар мені ерекше тебірентті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады» – деп нақты әрі батыл үн қатты.
Шынында да, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүгінгі әлемнің қалыптасу заңдылықтарын түбегейлі өзгертуде. Біз осы беталыстан қалып қоймай, керісінше білім мен тәжірибені, технологиялық жаңалықтарды үйлестіріп, еліміздің әлеуетін жаңа биікке көтеруге міндеттіміз.
Президенттің «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет» деген бастамасы заман талабынан туған аса маңызды қадам деп білемін. Бұл министрлік мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырып, жастарымыздың жаңа технологияларды еркін меңгеруіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұсынған бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастама еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған маңызды реформа болмақ. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мен елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді… Егер ортақ келісімге келсек, ондай Парламентті тек партиялық тізім бойынша сайлаған дұрыс» – деді.
Бұл елдің саяси болмысын өзгертіп, жаңа кезеңге аяқ басуымызға серпін беретін шешім. Президент бұл бастаманы ашық талқылау арқылы, халықтың келісімімен, 2027 жылы жалпыұлттық референдумда жүзеге асыруды ұсынды.
Менің ойымша, бүгінгі Жолдаудағы екі маңызды бағыт, яғни технологиялық жаңғыру мен саяси реформалар – еліміздің болашақ дамуының негізін қалайды. Болашаққа сеніммен қарап, жаңа биіктерді бағындыруда бізге дәл осындай батыл әрі тың қадамдар ауадай қажет. Ал, оны жүзеге асыру баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз деп білемін.

Мұрат ЖОЛДЫХОЖАЕВ,
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы

Автор: admin