Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси жүйеге өзгертулер енгізуге бағытталған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауын ұсынды. Ауқымы кең мазмұны бөлек Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленіп, Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі 10 бағыты айқындалды.
Елді орнықты дамыту мен әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау үшін саяси жаңғыру маңызды. Президентіміз осыған дейін саяси реформалардың 4 топтамасын ұсынды және осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Қоғамды демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалардың жүзеге асқанын айтып өткен жөн.
Бүгінгі Жолдаудың қуанышты жаңалығының бірі – жаңа облыстардың ашылуы болды. 2018 жыл – Қазақстан Республикасы картасындағы әкімшілік-аумақтың құрылымына елеулі өзгеріс енгізіліп, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысып, облыстың да атауы Түркістан облысы болып өзгерді. Мұндай аймақтық бөлісудің еліміздің дамуында айрықша рөл атқарғаны белгілі.
Сондықтан Мемлекет Басшысының бүгінгі Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы шешімі экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім екені анық. Бұл — кең байтақ жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғыртуға негізгі қадам болмақ. Және облыстардағы инфрақұрылымды дамытуда, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруде тың серпін берері сөзсіз.
Жаңа Қазақстанды құруда партиямызға зор жауапкершілік жүктеліп тұр. Сол себепті Мемлекет Басшысының «Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген тұжырымдамасын алға тартып, бұрынғыдан да қарқынды жұмыс атқаратын боламыз. Жаңа саяси мәдениет қалыптастыруда белсенділік танытып, оң өзгерістерге бет бұратын боламыз!
БЕКТАЕВА ЖАНАР ӘЛІБЕКҚЫЗЫ
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы