• 25 сентября, 2024 1:27 пп

Жекешелендірудің – ұлттық экономикамызға әсері

Автор:admin

Июл 11, 2024

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы елдердің бірі болып КСРО елдеріндегі жүргізілген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту мақсатын көздеді. Ол үшін ең алдымен барлық тауарлар мен қызметтердің бағасын либерализациялау мен мемлекеттің меншігін жекешелендіру қажет еді. Ал нарықтық экономикада еркін баға мен жекеменшіксіз даму қиын процесс екені белгілі. Нарықтық экономикада маңызды орын алатын мәселе мүлікті, ақшаны бизнес көздерін «жекешелендіру» болғандықтан, осы ұғымға тоқталып кетсек. Жекешелендіру дегеніміз — азаматтардың және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншік объектілерін немесе мемлекеттік акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу деген сөз. Немесе меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру процесі. Жекешелендірудің басты мақсаты — жекешелендірілген кәсіпорындарда экономикалық өсуі арқасында ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, мемлекетік бюджет тапшылығын азайту. Яғни, ол — нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты. Бұл саясат, біріншіден, шаруашылық субъектілерінің іс белсенділіктерін арттыру үшін, екіншіден, экономикалық бәсекелестікті жандандыру үшін жүргізіледі. Қазақстанның экономикасы қазіргі таңда экономикалық модернизацияның алғашқы сатысынан өтті. Мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру күрделі мәселе, сондықтан оны қысқа мерзімде жүзеге асыру қиын процесс. Жекешелендіру халық арасында түрлі пікірлер туындататыны сөзсіз. Сондықтан жекешелендіру процесін ашық түрде, халықты барынша толықтай ақпараттандыру арқылы жүргізу механизмдерін жетілдіру қажет. Тоқсаныншы жылдары жекешелендірудің бірінші кезеңі қарапайым халыққа хаос болып көрінді. Оның да өзіндік себептері де болды: біріншіден, халық жекешелендірудің нақты мәнін түсінбеді, екіншіден, жекешелендірудің заңдылықтары мен ережелері толық жетілмеді, яғни қазіргідей тәжірибе бойынша ашық, жариялы түрде жүргізілмеді. Қазақстанда жекешелендірудің алғашқы кезеңі «кіші жекешелендіру» деп аталды, онда мемлекеттік сауда және қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үйлер жекешелендіріліп, еңбек ұжымдарына берілді. Келесі кезеңі — «жаппай жекешелендіру» кезінде шағын, ірі кәсіпорындар, зауыттар мен фабикалар инвестициялық купондарға сатылды, осы кезде ел экономикасына шетел инвесторлары келді, ауыл шаруашылығы, бұрынғы колхоз, совхоздардың мал-мүліктері үлескерлерге бөлініп берілді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin