• 25 декабря, 2024 6:24 пп

Жекешелендіруді жеделдету жұмыстары

Автор:admin

Июн 12, 2024

Әлемдік тәжірибеде жекеменшік сектор мемлекеттік мекемелерге қарағанда анағұрлым сәтті басқарушы деп есептеледі. Түркістан облысында реформаға сәйкес жекешелендіру бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Кәсіпкер жаңа жағдайларға жылдам бейімделіп, өндіріске жаңа технологияларды жылдам енгізе алады деп есептейді. Неміс ғалымы Карл Маркс «Мемлекеттің пайда болуына тікелей әсер еткен жекеменшік» деді, себебі меншік жеке болса, адам оны барын салып қорғайды, көбейтеді деген тұжырымдамасы дамыған елдердің тәртіптеріне енген. Біздің еліміздегі жекешелендірудің екінші толқыны мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, жаңа салаларда жеке бизнеске жағдайлар жасауға бағытталған. Дегенмен өзіндік қиындықтар мен ерекшеліктер де бар, көптеген елдерде жекешелендірудің басты мақсаты мемлекеттің қорына ақша жинауды көздесе, ал біздің елде басты ұстаным — шағын орта бизнестің және халықтың өндірістегі үлесін кеңейту, мемлекетте өндіріс көздерін заңды тіркеуден өткізу, мемлекет балансындағы нысандарды жекеменшік қолына өткізу арқылы өндірісті дамыту, көлеңкелі экономиканың алдын алу, салық жүйесі арқылы мемлекет қорын арттыру. Міне, бұл — еліміздегі жекешелендірудің басты еркешелігі, яғни үкімет заңды құжаттарды дайындаумен қатар, оның заңды жүзеге асуына кепілдік береді. Жекеменшік нысандар мемлекеттік мекемелерге қарағанда тиімді жұмыс жүргізетіні белгілі, өйткені нарықтық қатынастарға тез бейімделе алады, ішкі менеджментті дамытады, ал мемлекеттік мекемелер белгілі бір ережелер, бюрократиялық заңдарға бағынышты. Неміс ғалымы Макс Вебер «Шенеуніктер диктатурасы келе жатыр» деген мақаласында бюрократизмнен шығудың бес жолын көрсеткен болатын, егер қоғамда бюрократизмнің ықпалы азайса, мемлекет дамиды деп тұжырымдады. Президент Қазақстанда «меритократиялық элита жасау керек, ақылды, білімді, дарындылардың қоғамын құру керек» деп, осы бюрократиялық тежеулер мен қағазбастылықты азайту мәселесін жиі айтып келеді. Осы тежелулер еліміздегі жекешелендірудің бір бөлігі «Халықтық ІPO» шеңберінде болмауы керек, себебі көптеген компаниялардың акцияларын сату осы жүйе арқылы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жекешелендірудің елімізде екі әдісі таңдап алынған: бірі — халықтық ІРО және аукциондар. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде, азаматтар елдегі ірі ұлттық компаниялар акцияларын сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл компаниялардың нарықтағы табыстары жоғары, әлемдік және ішкі дағдарыстарға тәуелділігі аз. Мысалы «КЕGOC», «Казтрансойл», «Казмұнайгаз», «Қазатомпром», «ҚазТемірЖолы», т.б. компаниялардың үлескері болу шарттары «Халықтық ІРО» бағдарламасының негізінде жүргізіледі. «Халықтық ІРО» бағдарламасының мақсаты — халықты табысты жетекші ұлттық компаниялардың үлескері болуды қамтамасыз ету және баламалы жинақтау құралдарын ұсына отырып, нақты қатысу жолдарын түсіндіру. Қазірдің өзінде, нақты деректерге сүйенсек, еліміздің 30 мыңнан астам азаматы, жеке тұлғалар «ҚазТрансОйл» компаниясы акцияларынның иесі. Қазір азаматтар белгілі бір деңгейде қаржы табу, оны жұмсаудың жолдарын біледі, дегенмен нарықтық экономиканың заңдылықтарын ескеріп, табыс көзін нақты білумен қатар, үнемдеу жолдарын игеруге дағдылану — уақыт талабы. Қазақстан Республикасы дамыған отыз мемлекеттің деңгейіне жету үшін дамыған елдермен экономикасы, ғылымы, техникасы, медицинасы, адами капиталы бәсекеге қабілетті болу керек, ол үшін капиталистік елдердің заңдарын қабылдап, талаптарына бейімделу мақұл іс, бұл — қазіргі қоғамның заңдылығы.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin