• 25 декабря, 2024 5:29 пп

Жекешелендіру – нарықтық экономикаға белсенділік береді!

Автор:admin

Июн 12, 2024

Түркістан облысында нарықтық экономика бойынша жекешелендіру жұмыстары өз кезеңімен жүргізіліп келеді.  Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы елдердің бірі болып КСРО елдеріндегі жүргізілген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту мақсатын көздеді. Ол үшін ең алдымен барлық тауарлар мен қызметтердің бағасын либерализациялау мен мемлекеттің меншігін жекешелендіру қажет еді. Ал нарықтық экономикада еркін баға мен жекеменшіксіз даму қиын процесс екені белгілі. Нарықтық экономикада маңызды орын алатын мәселе мүлікті, ақшаны бизнес көздерін «жекешелендіру» болғандықтан, осы ұғымға тоқталып кетсек. Жекешелендіру дегеніміз — азаматтардың және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншік объектілерін немесе мемлекеттік акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу деген сөз. Немесе меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру процесі. Жекешелендірудің басты мақсаты — жекшелендірілген кәсіпорындарда экономикалық өсуі арқасында ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, мемлекетік бюджет тапшылығын азайту. Яғни ол — нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты. Бұл саясат, біріншіден, шаруашылық субъектілерінің іс белсенділіктерін арттыру үшін, екіншіден, экономикалық бәсекелестікті жандандыру үшін жүргізіледі. Қазақстанның экономикасы қазіргі таңда экономикалық модернизацияның алғашқы сатысынан өтті.  Міне, осы дамудың жаңа кезеңі нарықтағы өзіндік жолды анықтаудың бірден-бір көрінісі — өндіріс саласын жекешелендіру. Мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру күрделі мәселе, сондықтан оны қысқа мерзімде жүзеге асыру қиын процесс. Жекшелендіру халық арасында түрлі пікірлер туындататыны сөзсіз. Сондықтан жекешелендіру процесін ашық түрде, халықты барынша толықтай ақпараттандыру арқылы жүргізу механизмдерін жетілдіру қажет. Тоқсаныншы жылдары жекешелендірудің бірінші кезеңі қарапайым халыққа хаос болып көрінді. Оның да өзіндік себептері де болды: біріншіден, халық жекешелендірудің нақты мәнін түсінбеді, екіншіден, жекешелендірудің заңдылықтары мен ережелері толық жетілмеді, яғни қазіргідей тәжірибе бойынша ашық, жариялы түрде жүргізілмеді. Қазақстанда жекешелендірудің алғашқы кезеңі «кіші жекешелендіру» деп аталды, онда мемлекеттік сауда және қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үйлер жекешелендіріліп, еңбек ұжымдарына берілді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin