«Ауыл» партиясынан ҚР президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабта ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссия өкілдері Джованни Дибиаспен (Италия) және Виктория Норекайтемен (Литва) кездесу өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесуде шетелдік қонақтар өз миссияларының мақсаттары мен міндеттері туралы айтты.
Республикалық штаб басшысы Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» РҚШ міндеттері, үгіт-насихат науқанының барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы мәлім етті.
Бүгінге дейін Жигули Дайрабаев еліміздің 10 өңірінде болды.
Кездесу соңында Дж.Дибиас пен В. Норекайте Астана қаласында және Ақмола облысында ҚР президенттігіне кандидат пен сенімді тұлғалардың қатысуымен өтетін 2-3 үгіт-насихат іс-шараласының өткізілуін байқауға ниет білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал 20 қарашада президент сайлауы өтеді.