• 21 ноября, 2024 3:54 пп

Жол мәселесі кезек күттірмейді!

Автор:admin

Сен 1, 2023

Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие болуына байланысты соңғы жылдары шаһардағы жол инфрақұрылымын дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, биыл барлығы 128 нысанда жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның жалпы ұзындығы – 253 шақырым. Оның ішінде жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын 12 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілсе, қайта құру жұмыстары 8 шақырымдық 3 жолда жүргізілуде. Мұнан бөлек қазір 4 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 49 шақырым. Жалпы ұзындығы 138 шақырымды құрайтын 109 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы қалада 25 магистралды көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Соған байланысты кептелістің біршама көбейгені рас. Бірақ, биыл 7 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 2-еуі, атап айтқанда, Республика даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесі өткен жылдан өтпелі нысандар. Оған қоса биыл Б.Момышұлы, Ғ.Иляев, К.Цеткина, Ақназар хан секілді көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы, аяқ жолдар мен ирригациялық жүйелер жаңартылуда. Биыл орташа жөндеу жүргізіліп жатқан осы 7 нысан мен күрделі жөндеуден өтіп жатқан 4 нысанның жұмыстары толығымен аяқталады. Бір сөзбен айтқанда, орталық көшелерде былтырғыдай көп жұмыс жоқ. Сондықтан кептеліс көп болмайды деп ойлаймыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалалардың шетінде орналасқан елді мекендерді дамытуға баса назар аудару жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай биылдан бастап ішкі орам жолдары мен шалғай елді мекендердің көшелеріне басымдық беріп отырмыз. Құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары сол жерлерде көптеп жүргізілуде. Бүгінгі таңда атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі – шағалтас төсеу. Қазір жалпы ұзындығы 153 шақырымды құрайтын көшелерге шағалтас төселуде. Оның басым көпшілігі Қаратау ауданының еншісінде. Себебі, осы ауданда жаңадан қалыптасып келе жатқан елді мекендер мен шағынаудандар көп. Алайда мұның өзі аздық етіп отыр. Тұрғындардан «көшемізге тас төсеп берсеңіздер» деген өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай біз құжаттарын әзірлеп, қосымша қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолдадық. Жақында қалалық мәслихаттың сессиясында ол мақұлданып, қосымша қаржы бөлінді. Осылайша биыл топырақ жолдардың мәселесі біршама шешімін таппақ.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin