Жоғарғы оқу орындарының қызметкерлері ұзақ мерзімді демалысқа шыққанда ай сайынғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары дұрыс аударылмай, сақтандыру мәртебесінен айырылған жағдайлары жиі орын алады. Салдарынан білім саласының мамандары өздеріне тиесілі медициналық көмекті ала алмай әуреге түсетіні рас. Түптеп келгенде бұл мәселе жұмыс берушілердің жауапкершілігінде.
Сондықтан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдері бүгін қаладағы бірқатар жоғарғы оқу орындарының қызметкерлердің жалақылары мен төлем аударымдарын жүзеге асыратын есепшілерімен кездесіп, МӘМС жарналарын аудару бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
-Мәселен, қызметкер шілде және тамыз айларында демалыста болғанда, жұмыс беруші төлемдерді бір емес, екі түрлі кезеңге яғни, шілде және тамыз айларына әртүрлі төлем тапсырмаларымен бөліп төлеуі керек. Бір айлық төлемнің түспеуі өз кезегінде азаматтардың тиісті медициналық көмек ала алмауына әкеліп соқтырады. МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету — мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделген, -дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден.
Кездесу барысында тараптар өзекті мәселені талқылап, өзара пікір алмасты. Мысалы, «Мирас» университеті есеп-қисап бөлімінің мамандары ЗУП-бағдарламасы арқылы бұл мәселені оңтайлы шешкендерін айтуда.
Айта кетейік, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені бірнеше жолмен тексеруге болады. Бұл қызмет бүгінде Қазақстан Халық банкі, ЦентрКредит Банкі және Kaspi Bank мобильді қосымшаларына да енгізілген.
Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы , fms.kz ресми сайты мен Telegram-дағы @SaqtandyrýBot , 1414 байланыс орталығы және Damumed мобильді қосымшасы арқылы анықтауға болады.
Сізге ыңғайлы! МӘМС – әлеуметтік бағдар! Біздің мақсат — барлық азаматтарға сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету. Өз тарапыңыздан сақтандырылу жүйесінде өз мәртебеңізді біле жүріңіз.