Қаланың 2023-2025 жылдар аралығында даму жоспарына сәйкес, алдағы уақытта көгілдір отынмен жартылай қамтылған 28 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары мен басқа да нысандар табиғи газбен толық қамтылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барынша көп бөлігін табиғи газбен қамтуды бізге басты міндет етіп қойып отыр. Осыған байланысты газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Шымкентте іске қосылып отырған жаңа станция соның жарқын көрінісі, – дейді Санжар Жаркешов. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандарының мәліметінше, бүгінде қала бойынша абоненттер сағатына 250 мың текше метр табиғи газ пайдаланады. Ал оларға бұған дейін газ жеткізіп келген екі АГРС-тің жиынтық қуаттылығы сағатына 180 мың текше метрді құрайтын. Осыған байланысты, әсіресе, жылыту маусымы кезінде газ қысымы бәсеңдеп кететіні жасырын емес. Осы келеңсіздіктің алдын алу мақсатында жаңа абоненттерді көгілдір отын желісіне қосуға уақытша мораторий жарияланған да болатын. Жаңа станцияның іске қосылуымен ол шектеу алынып тасталды. Тұтынушылармен техникалық шарт жасасуға жарияланған мораторийдің күші жойылды. Содан бері 5 мың абонентпен шарт жасалған. Енді сол абоненттерге, жалпы, қаладағы жаңадан ішкі жүйелер жүргізілген барлық елді мекендерге газ беруге мүмкіндік туындап отыр. Себебі, осы жаңа бір станцияның өзінің қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрге жетеді. Мамандардың айтуынша, өрт қаупі жоғары болғандықтан, станцияны іске қосу жұмыстары жылыту маусымы аяқталған соң, жылы әрі құрғақ мезгілде жүзеге асырылды. Бүгінде Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 42-сі табиғи газбен толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елді мекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Нақты айтқанда 10 елді мекенге ішкі орамдық газ құбыры тартылуда. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сәуле, Көкбұлақ – барлығы 8 елді мекенде құрылыс аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде қала бойынша 20 мыңға жуық тұрғын жаңадан табиғи газ желісіне қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Сондай-ақ, 2 магистральді құбыр және 3 елді мекеннің газ желісін жүргізу мақсатында мердігер мекемелерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Jsk ақпарат орталығы