🔷 Жұмыскерлер ұзақ мерзімді демалысқа шыққан кездерінде медициналық сақтандыру мәртебесін жоғалтпаулары тиіс. Өкінішке қарай, ұстаздардың 56 күндік еңбек демалыстарында ай сайынғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бір айға аударылып, келесі айына жарна түспей қалатын жәйттер жиі кездеседі. Салдарынан білім саласының мамандары сақтандыру мәртебесінен айырылып, МӘМС аясындағы тиісті медициналық көмекке қол жеткізе алмайды.
🔷 Өзекті мәселе бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен өткен штаб отырысында талқыланды. Білім беру мекемелерінің басшыларына бұл мәселені ретке келтіру мақсатында нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, есепшілер төлем тапсырмаларында жарнаны әр айға жеке белгілеп аударулары тиіс.
🔷 Жиын барысында “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ляззат Алимова халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы мен саладағы өзекті мәселелердің шешімдерін баяндады.
🔷 Ляззат Барлықбайқызының айтуынша, қазіргі таңда Шымкентте 933 619 қала тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 700 мыңнан астамы жарнасы мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жеңілдік санатындағы азаматтар, 250 мыңға жуығы жұмыскерлер, 103 826 адам жеке кәсіпкер және шаруашылықпен айналысатындар және 8168 дербес төлеуші. Сақтандырылмаған тұрғындар халықтың 24 пайыздан астамын құрайды.
🔷Штабта сондай-ақ медициналық сақтандырылмай қалу жағдайлары жүйе құраушы ірі кәсіпорын жұмысшыларының арасында да жиі орын алып жатқандығы баса айтылды. Қала әкімінің орынбасары жиын барысында халықты МӘМС жүйесінде қамту бағытында аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеп, келесі штаб отырысында нәтижесін баяндауды тапсырды.
#әмсқшымкент#мәмсшымкент