Жыл сайын бүкіл әлем бойынша жарты миллионнан астам адам зорлық-зомбылықтың салдарынан қайтыс болады. Осы орайда Заң мен тәртіп шаралары қаншалықты сақталып отыр? Ал Шымкент қаласында бұл саланың көрсеткіші қандай? Бүгін осы аналитикалық мақаламызда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында мемлекеттің құқықтық көрсеткіш бағасын баяндайтын боламыз. Ал, төбелес сынды өзара қақтығыстардың кесірінен ажал құшатындардың саны одан да көп. Дәл осы өзара жаға жыртысу ДДҰ мәліметінше, 15 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында өлім-жітімнің себебі бойынша 4-орында тұр. Зорлық-зомбылықтың ең көп тараған түрі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бүгінде бұл барлық елді алаңдатып, әлемдік қауымдастық алдындағы маңызды мәселеге айналып отыр. Аталмыш мәселенің алдын алу және болдырмау Қазақстан Республикасының да отбасылық-демографиялық саясатының ең өзекті тұсы. Өйткені, оның өсуі қоғам мен ондағы адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Оның арты өткір әлеуметтік проблемаға әкеліп соғады.
Осыған байланысты бүгінгі таңда бұл мәселені заңнама тұрғысынан қатаң бақылауға алып, алын алу шараларын тиімді жүзеге асырып және отбасындағы кез келген озбырлық әрекетке көз жұма қарамай, қоғамдық айыптау атмосферасын қалыптастырып әлеуметтік салмағы бар мемлекет деңгейінде шешу қажеттілігі туындап отыр. Елімізде әрбір үшінші әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шексе, әрбір алтыншы бала сол отбасындағы ойранның куәгері болады деген сөз. Отбасы ішінде, тұрмыс барысында жасалған озбырлық әрекеттердің екі есе өсуіне байланысты мемлекет агрессорларға қарсы күресті күшейтіп, бөлінетін қаржының да көлемін ұлғайтқан. Атап айтатын болсақ мемлекет тарапынан жыл сайын жоғарыдағы проблеманың алдын алып, салдарын жою үшін 4,5 миллиард ақша жұмсалады. Бөлінген қаржының жартысынан көбі құқық қорғау органдары мен сот істеріне қарай бағытталады. Атқарылып жатқан істер аз да болсын өз нәтежиесін көрсетуде. Әйтсе де әлі де болсын толығымен жойылмай отырғаны көпті алаңдатады. Мәселенің барын мемлекет басшысы да жоққа шығармайды. Керісінше жарыққа шығарып, оны шешу керектігін баса айтып жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық тәрбие, мәдени тәрбие мәселелерін қамти отырып, қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін кешенді шаралар қабылдауды талап етті. Президенттің сөзінше, отбасындағы ойранды азайту үшін кінәлі адамға тағылатын айып іс жүзінде де орындалуы шарт. Бұл ретте патрульдік полицейлер шығарылған бұйрықтың толық орындалғанын қадағалауға алу керек. Бұл құқық бұзушылықтардың санын азайтып, бұзақылардың өз әрекеттеріне жауап беруіне көмектеседі. «Өздеріңіз білетіндей, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыс санатынан шығарылған болатын. Бұл қылмысты 700-ден 20 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Профилактикалық тиімділігін арттыру үшін осы әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін пысықтау қажет. Қазір мен берген тапсырма бойынша, барлық қылмыстық заңнаманы оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жеке адамға қарсы, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері жан-жақты зерттелетін болады», — дейді Президент. Отан отбасынан басталады. Отбасындағы болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, оның нормаларын бұзғандарды қатаң бақылауға алу мемлекет үшін күн тәртібіндегі негізгі жұмыстардың бірі болып қала береді. Өйткені, отбасында мейірім мен махаббатқа бөленіп өскен ұл мен қыз ертеңгі күні мемлекетіне де адал қызмет етеді. Ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді ҚК-тен ӘҚБтК-ге бірнеше рет ауыстыру бойынша Қазақстанның тарихи тәжірибесі әкімшілік жауапкершілік шеңберінде құқық бұзушылықтардың осы құрамын анықтау мен құқық қолданудың жоғары тиімділігін көрсетті. Осылайша, аталған әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық санатқа ауыстыру өзгерістері елдегі тұрмыстық қылмыстың жағдайына кері ықпал етті. Әкімшілік шарамен салыстырғанда құқық бұзушыны қылмыстық процестік жауапқа тарту қолайсыз және тиімсіз болды. Мысалы, егер 2015 жылға дейін денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 3,5 – 4 мыңға жуық отбасылық жанжал шығарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, онда жаңа ҚК-тің қабылдануымен бұл көрсеткіш 6 есе – 575 – 600-ге дейін қысқарды. Осылайша, жыл сайын 3 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершіліктен жалтарған деп тұжырымдауға болады. Бұдан әрі аталған құқық бұзушылықтар ҚК-тен ӘҚБтК-ге ауыстырылғаннан кейін олардың тіркелуі 10 еседен астам өсті. Екінші. Талдау көрсеткендей, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар әкімшілік заңнаманың салыстырмалы жеңілдігі себебінен емес, көптеген жағдайларда басқа факторлар мен жағдайлардың әсерінен жасалады (тәрбие, өзара қарым-қатынас, сыйластық деңгейі, өзара реніштік жанжалдар, неке адалдығын орнатпау және т.б.) Басқа себептерге қолайсыз әлеуметтік-экономикалық факторлар (жұмыссыздық, төмен табыс деңгейі, тұрғын үйдің болмауы, кредиттер және т.б.) жатады. Сондықтан, мысалы, құқықтық мәдениет деңгейін көтермей және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жақсартпай, қарастырылып отырған саладағы мәселелерді шешу мүмкін емес. Оған қоса, қылмыстандыру отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты жағдайын бұрмалау қатерімен байланысты және құқық бұзушылықтардың жасырылуына әкеледі. Мысалы, адам қылмыс жасады – ол сотталуы мүмкін, ал бұл жәбірленушілердің мүдделері үшін емес, ата-аналардың соттылығы балалардың болашағының көкжиегін тарылтады және көбіне жәбірленушілер мұны жақсы түсінеді. Үшінші. ҚК-те (108, 109 б.б.) болған кезде қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру және ұрып – соққаны үшін қамауға алу (жеңіл дене жарақаты үшін – 60, ұрып-соғу үшін – 45 күнге дейін), айыппұл және түзеу жұмыстары көзделген. Бұл ретте қамауға алу негізгі жаза ретінде осы уақытқа дейін қамақ үйлерінің болмауына байланысты қолданылмай келеді, айыппұл отбасына ауыртпалық түсіреді, ал түзеу жұмыстары көбіне кінәлі тұлғалардың тұрақты жұмыс орнының болмауына байланысты қолданылмайды. Әкімшілік заңнамамен көзделген жазалар (әкімшілік қамау, айыппұл) және жеке профилактикалық шаралар (профилактикалық әңгімелесу, ескерту, қорғау нұсқамасы, кінәлі тұлғаның мінез-құлқына ерекше талаптар, әкімшілік ұстау, әкімшілік жаза, ата-ана құқығынан айыру не шектеу және т.б.) жиынтығында үлкен профилактикалық потенциалға ие. Төртінші. Әкімшілік процестің оңтайлығы, оның жеделдігі жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және құқық бұзушының жауапкершілігін арттыру үшін нақты жағдайлар жасайды. Қорытындысында қамауға алу түріндегі қолданыстағы әкімшілік санкцияларды қатаңдату, қорғау нұсқамасының талаптарын қайталап бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды. Мұндай қадам әкімшілік құқық бұзушылықтардан қылмыстық теріс қылықтар санатына кезекті ауыстыруға қарағанда тиімді деп санаймыз. Сондай-ақ, татуластыру рәсімдерінен кейін қайталану көріністерінің жоғары қаупін ескере отырып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушыларға ерекше жағдайлар енгізу негізделеді. Атап айтқанда, татуласу үшін іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін сот кінәлі адамға психокоррекциялық көмек курсынан өз еркімен өтуі, медициналық-наркологиялық көмек алуы және оған жұмысқа орналасу үшін шаралар қолдануына міндеттемелер белгілеуі мүмкін. Зерттеу алдын алу-алдын алу институттарын дамытудың, түрлі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша бейінді мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерін, сотқа дейінгі пробация құралдарының әсер ету тетіктерін кеңінен пайдаланудың маңыздылығын көрсетті. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы міндеттерді іске асыру кезінде уәкілетті органдардың практикалық өзара іс-қимылын жолға қоюдың маңызы зор. Осы мақсатта психокоррекциялық мінез-құлық бағдарламаларын тиімді енгізу үшін ҚР ӘҚБтК-нің жекелеген нормаларын жаңғырту қажет.
Jsk ақпараттық агенттігі