• 27 ноября, 2024 2:22 пп

«Заң мен тәртіп» қағидасының үстемдігі

Автор:admin

Июн 20, 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық саласына жан-жақты тоқталып, оның ішінде заң мен тәртіп саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидасының үстемдігі туралы үнемі айтып келеді. Бұл нені білдіреді? Кез келген қылмыс не кикілжің, со­ның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар құқықтық негізде шешімін табуға тиіс. Осыған орай ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру мақсатында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп, отбасында ойран салған жанжалқойды ауыр қылмыстарға жеткізбей тоқтатуға бағытталған заң жобаларын әзірледі. Нақты мысалдарға жүгінсек, Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде полиция қызметкерлері жәбірленушінің арыз-шағымынсыз әкімшілік іс жүргізетін болды. Яғни арыз-шағым беру сипатынан анықтау сипатына көштік. Қазір жәбірленушінің өзі полицияға жүгінуі міндетті емес, біз отбасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды өзіміз анықтаймыз. Бұл ретте тұрмыстық-зорлық зомбылықтың орын алғанын куәгер­лер, көршілер растап, бейнабақылау камера­лары, бейнетіркеуіштер айғақтап берсе жеткілікті. Бұрын жәбірленушілер туған-туыстардың, басқа да адамдардың қысым көрсетуі салдарынан өздерінің арыз-ша­ғымдарын қайтарып алатын. Сал­дарынан тіркелген істердің жартысы сотта қысқартылатын еді. Жаңа заңға сәйкес тараптардың татуласу процедурасы қатаңдатылды, екінші қайтара татуласуға тыйым салынды. Әкімшілік қамаудың нақты мерзімдері белгіленіп, қайталанған құқық бұзушылық үшін қамау мерзімі ұзартылды. Қылмыстық кодекстегі денсаулыққа зақым келтіруге қатысты бірқатар бапқа өзгерістер енгізілді. Мәселен, «кінәліге материалдық тұрғыда тәуелді адамға қатысты әрекеттер» деген жаңа белгі пайда болды. Осы және өзге де алдын алу жұмыстарының арқасында қазір біз ел көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарының төмендегенін байқап отырмыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтіре кетейін, ішкі істер органдарына жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 28 мыңнан астам шағым келіп түссе, 16 мыңнан астамын полиция қызметкерлері өздері анықталып, 44 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасы шырқын бұзған 11 мың бұзақы қамауға алынып, 34 мың «агрессорға» қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Соның арқасында биылғы бес айда тұрмыстық-зорлық зомбылық фактісі бойынша тіркелген істер мен арыз-шағымдар 20%-ға азайса, осы саладағы кісі өлімі 2,5%-ға төмендеді. Мемлекеттің барометрі – онда өмір сүріп жатқан халық десек, демек, халықтың әл-ауқаты жақсы болуы шарт. Президент түйткілді әлеуметтік мәселелердің түйінін кеңінен тарқату үшін нақты тапсырмалар мен міндеттемелерді қойған болатын. Осы орайда Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелердің біртіндеп шешіле бастағанына тоқталғым кеп отыр. Президент елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын, сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтындығын айтқан болатын. Бұл бағытта шырайлы шаһарымызда жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. «Қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек, Иә, біз жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуіміз керек. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Осы орайда Шымкентте жыл басынан бері Шымкентте тіркелген қылмыс саны төмендеген. Қылмыстың азайғанына қарамастан қылмыстық істердің сотқа жолдау көрсеткіші 47 пайызға артқан. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Бүгінгі таңда ел көлемінде тіркеліп жатқан құқық бұзушылықтардың басым бөлігін, атап айтқанда, 85%-ын мүлік қылмыстары құрайды. Бұл тек біздің еліміздегі емес, жалпы әлемдегі үрдіс. Қай елде, қай заманда болсын, ұрлық, тонау, бөтеннің мүлкіне қол сұғушылық секілді қылмыстар жиі болады. Бұрын қаскөйлер бөтеннің меншігіндегі дүние-мүлікті ұрлау, тонау, қарақшылық секілді жолдармен қолды қылса, қазір адамдардың көбі алаяқтардың алдап-арбауына түсіп қалады. Нақтырақ айтқанда, сол мүлікке қарсы қылмыстардың 42%-ын алаяқтық әрекеттері құрайды. Бұл бағытта полиция мен өзге де жауапты мемлекеттік мекемелер тарапынан белсенді түрде ескерту мен алдын алу жұмыстары жүргізіліп, нақты шаралар қабылданып жатыр. Ал «дәстүрлі» ұрлық қылмыстарына келсек, министрліктің бұл салаға бағыттал­ған арнайы бағдарламасы бар. Оның аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Бұл жерде негізінен пәтер ұрлығы жайында айту керек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды, оның ішінде 59 қылмыстық топ және 38 гастрольдік ұры бар. Біз пәтер ұрлығына қарсы күресте бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараны қабылдап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастадық. ІІМ-нің салалық бағдарламалары аясында тұрғын үйлердің аулаларына 68 мыңнан астам бейнеба­қылау камерасы орнатылса, тұрғындардың бастамасымен 24 мыңнан астам камера қойылды. Жалпы, қабылданған шара­лардың нәтижесінде кейінгі 5 жылда пәтер ұрлығының саны жыл сайын орта есеппен 34%-ға төмендеп келеді. Ал аса ауыр қылмыстар жайында айтатын болсақ, бүгінде жалпы құқық бұзушылықтардың 2%-ын осындай қылмыс түрі құрайды. Дегенмен кейінгі уақыт­та ел тұрғындары қоғамға теріс әсерін тигізіп, өмір сүру сапасын нашарлататын вандализм секілді әрекет­тер­ге жиі шағымданатыны байқалады. Оның ішін­де аялдамаларды, жеделсатыны, қоқыс жәшіктерін саналы түрде бүлдіру, үй­дің кіре-берістеріне, көшеге қоқыс тас­тап кету, қоғамдық орында түкіру, боқтық сөздерін айту, т.б. бар. Полиция тарапынан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ кінәлілерді жауапқа тарту үшін тиісті шаралар қабылданады. Соның арқасында қоғамдық орындарда және көшеде жасалатын ұсақ бұзақылықтардың азайғанын байқап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, халықтың құқықтық санасы қалыптасып келеді деп айтуға негіз бар. Бұл ұсақ бұзақылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатының нәтижесі екені даусыз. Кез келген демократиялық, құқықтық мем­лекетте адамның өмірі мен құқық­тары, оның бостандығы – ең басты құнды­лық. Оны қорғау – мемлекеттік саясаты­мыздың басым міндеті. Соның ішінде кісі өлтіру, зорлық, қарақшылық, балаларға және олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстармен күресті жалғастыра береміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ешкім сырттан келіп Қазақстанды көркейтіп жібермейді» дегендей, қоғам қауіпсіздігін нығайтып, құқықтық тәртіпті сақтау – өз қолымызда. Біз өзіміз заңды құрметтеп қана қой­май, айнала­мыздағы заңсыздықтарға да немқұрайлы қарамауымыз қажет. Ол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халықтың бірлігі керек. Сонда ғана елімізді өзіміз қалағандай бағытқа өзгерте аламыз. Әділ қоғам орнатудың алғышарты да осында жатса керек.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

 

 

Автор: admin