Полицияның мəліметінше цифрлық қауіппен қатар, бүгінде қоғамның басқа да маңызды мəселелері де қатар жүріп келеді. Солардың бірі – есірткінің заңсыз айналымы. Маусым айының басынан бастап елімізде дəстүрлі түрде «Қарасора–2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алған. Бұл – есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы бағытталған ауқымды операция шеңберінде қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін қылмыстық фактілерді дер кезінде анықтауға жəне алдын алып тосқауыл қоюға оң ықпалын тигізген. Тек бір айдың ішінде Шымкент қаласының өзінде 61 қылмыстық құқық бұзушылық анықталғаны осыны айғақтаса керек. Полицияның мəліметінше аталған ауқымды профилактикалық шаралар мен жедел іздестіру жұмыстарының нəтижесінде есірткі заттарын сатудың 12 дерегі, нашақорлар жиі пайдаланатын өсімдіктерін егіп өсірудің 13 фактісі, есірткі өнімдерін жарнамалаудың 2 оқиғасы, сондай-ақ есірткімен байланысты басқа да 34 бірдей теріс қылықтар анықталған. Солардың бірінде кəнігі тергеушілер мен тəртіп сақшыларының өзін таңдандырған аса үлкен факті тіркелді. Қырағы тəртіп сақшыларының жедел əрекет етуінің арқасында ел ішінде сонымен қатар алыс-жақын шетелдерге дейін аса ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталып, ірі көлемді есірткі өнімдері тəркіленіп алынған. Атап айтқанда, əбден ойластырылып жасалған операция аясында жалпы көлемі 29 келіден астам есірткі өнімдерін тасымалдап келе жатқан қылмыстық топ ұсталды. Тінту барысында полиция қызметкерлері 17 келі сора (кендір) өсімдігін, 8 келі синтетикалық есірткі, 4,8 килограмм марихуана есірткілерін анықтап, тəркілеп алған. Аса ірі көлемдегі есірткі айналымына тосқауыл қою бағытында жүргізілген нақты əрекеттер жасаудың арқасында Түркістан облысының небары 23 жастағы тұрғыны есірткі заттарын «жасырын таратушы» ретінде ұсталды. Ол Шымкенттің Бозарық шағын ауданында ірі көлемдегі есірткі өнімдерін əр 100 метр сайын жерге көміп кеткен болып шықты. Тəртіп сақшыларының жедел іздестіру шараларының нəтижесінде жалпы көлемі 842 грамм синтетикалық есірткі түрлері тəркіленіп, қылмыстық іс жасаған азамат дереу қамауға алынды. Бұдан бөлек, байланыссыз тəсілмен есірткі таратпақ болған 21 жастағы қыз да қырағы полиция қызметкерінің құрығына ілінді. Тінту барысында одан 50 граммнан астам есірткі заттары анықталды. Бұл жағдайлардың бəрі жастар арасында есірткі қылмысының кеңінен етек жайғанын айғақтай түседі.
Jsk ақпаратық агенттігі
