• 29 апреля, 2025 2:03 пп

Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген сөзі ұлттық руханиятты көтеруде маңызы зор деп білеміз. Осыған орай 23 сәуір – Ұлттық кітап күні деп белгіленіп, биыл тұңғыш рет рухани мерекенің республика көлемінде тойланып жатқаны қуантады. Аталмыш мерекеге Шымкент қалалық жас өспірімдер кітапханасының ұжымы да белсенді атсалысты.
Соның бірі атаулы датаның «Мәртебелі кітап» апталығы аясында «Сөз өнеріндегі өлкетану» тақырыбында өткізілген әдеби кездесу кеші болды. М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, ф.ғ.к., әдебиеттанушы ғалым Ақжол Қалшабекпен болған әсерлі жүздесу әдебиет әлемінің сұлулық сыры мен көркемдік құпиясына жол сілтегендей болса, М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназия оқушылары мен ұстаздары қатысып, таным көкжиегі кеңейіп бір рухани серпіліске түскендей болды. Іс шарада ғалымның еңбектері сөз болып, автордың ұлы ақын Абайға арналған «Абай китәбу тасдик», «Әуезов һәм Абай» кітаптарына кеңірек тоқталды. Сондай-ақ, жазушы М.Байғұт шығармашылығы, соның ішінде «Ақтолғай» эссе кітабы жөнінде әсерлі ойларымен бөлісті.
«Кітап. Ел. Рух» тақырыбында ақын, Халықаралық Физули сыйлығының иегері Құрал Көмекпен болған поэзиялық кеш нағыз рухты жыр кеші болды. Ақпан батыр атындағы №10 және Ә.Ахметов атындағы №61 мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен өткен кеште «Қазақтығым-Қанатты рух әлемім» деп жырлаған ақын Қ.Көмек өзінің поэзиядағы көркемдік ізденістерімен бөлісіп, өзгеше өрімді құрайтын ғұлама ақын Абайдың бірнеше қара сөздерін өлеңмен өрнектеген жырларға тоқталды.
Кеште Абай тақырыбына оқушылар да қара сөздерін, өлеңдерін жатқа айтып, авторға сұрақ қойып, қызығушылық танытты. Жалпы ғалым мен ақынның отты, рухты сөздері мен жырлары жүректерді нұрға бөлеп, жас оқырмандар үшін кітап әлеміне шақырар тағылымды кеш болды.
Иә, шын мәнінде кітап өмірімізде рухани нәр беріп, дұрыс бағыт бағдар беруге жол салатыны анық. Кітап жүрекке білім сәулесін түсіріп, ақылды нұрландырып, өзіңді тануға, болмысты, дүниені тануға жетелері ақиқат. Кітап — ұлы құндылықтар көзі. Ендеше, кітап оқып, кітап оқитын озық ойлы ұлтқа айналайық.
Шымкент қалалық жас өспірімдер кітапханасының балаларға қызмет көрсету бөлімінің менгерушісі Аширова Алия Серікқызы.

Автор: admin