• 22 марта, 2025 2:57 дп

«КҮМІС ДОМБЫРА» – ЖАС АҚЫНДАРДЫҢ ЖЫР САЙЫСЫ

Автор:admin

Мар 21, 2025

 

Наурыз мерекесі – қазақ руханияты мен дәстүрінің алтын арқауы. Бұл күн – тек көктемнің ғана емес, ұлттық өнердің де жаңғыратын шағы. Осындай ерекше мереке қарсаңында Шымкент қаласында қазақтың қасиетті сөз өнерін дәріптеген дәстүрлі «Күміс домбыра» республикалық жас ақындар айтысы өтті.
Қаламызда бесінші мәрте өтіп жатқан шара ұлт руханиятының жанашыры, түркітанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың 120 жылдығына арналды. Бұл дода – жас ақындарға үлкен мүмкіндіктер алаңы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 жас айтыскер ақын сахнада суырып салмалық пен тапқырлықтың тамаша үлгісін көрсетті.
Айтыстың әділдігін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, айтыстың арыстаны атанған Бекарыс Шойбеков бастаған қазылар алқасы қадағаласа, қазақтың киелі өнеріне жан бітіріп, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұруына басты себепкер болған қала әкімдігінің қолдауымен Біржан Байтуов бастаған Қартау өнер мектебінің ұжымы. Бүгінде сан жүйріктің талантын ашып, бәйгеге қосып жүрген игі шараның, аламан доданың жастарға берер тәлімі мен тағылымын мол десек дқателеспейміз.
– Шырайлы шымқаланың төріне еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жас ақындардың басы қосылды. «Күміс домбыра» айтысы жастар арасында өтетін додалардың ең үлкені. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын жырлағандай, айтыс – қазақтың төл өнері ғана емес, ұлт руханиятының асыл мұрасы. Жас ақындардың суырып салмалық шеберлігіне қарап, халқымыздың сөз өнері мәңгі жасайтынына сенімім нығая түсті, – деді Аманжол Әлтаев.

Қатысушылар 4 айналым бойынша жеребе тарту арқылы жұптасып, өнер көрсетті. Әрбір жұптың айтысы көрермен көңілін тербетерлік өтті. Бұл сайыста сөз құдіретін меңгерген, суырып салмалықтың шыңына жеткен талантты ақындар марапатқа ие болды. Бас жүлде – күміспен қапталған домбыра және 1 000 000 теңге қаржылай сыйақыны Қарағанды облысынан келген жас ақын Нұрмұхаммед Байсүгір жеңіп алды. Сонымен қатар, Астана қаласында өтетін «Алтын домбыра» сайысына жолдама алды. Оның өткір ойлары, ұтымды теңеулері, әзілі жарасқан шумақтары қазылар алқасы мен көрерменді тәнті етті. Ал, Шымкент қаласының намысын қорғаған 12 жасар Ислам Али Біржанұлы ерекше дарынымен көзге түсіп, бірінші орынды иеленді. Жас та болса, ұлттық өнерге адалдығын, сөз саптауындағы тереңдігін көрсеткен Ислам Али бұл жеңісімен барша жас буынға шабыт сыйлап, таңдай қақтырды.
Екінші орын Павлодар облысынан келген Ибраһим Қазыбек пен Абай облысының тумасы Айбек Жеңісқазинға бұйырды. Олар да айтыстың көркемдігін арттырып, ой саларлық шумақтарымен ерекшеленді. Үшінші орынды иеленген ақындар да өздерінің өнерлерімен көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар, арнайы жүлделер тағайындалып, қатысушылардың барлығы қаржылай марапатқа ие болды.
«Күміс домбыра» айтысы – жастарды ұлттық құндылықтарға баулып, рухани өрісін кеңейтетін үлкен алаң. Бұл дода – суырып салмалық өнердің жаңғырып, жастар арасында жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік беретін игі дәстүр. Шымкент төрінде өткен бұл дүбірлі додадан кейін жастардың айтысқа деген қызығушылықтары артып, қазақтың қара өлеңін қастерлейтін барша қауымға рухани серпіліс сыйлады.

Салтанат Жамалдинова, «Шымкент келбеті»

Автор: admin