Латын әліпбиіне көшу үрдісі бір күндік шаруа емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын, зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс. Жаңа әліпби ағымдағы жылдың соңына дейін дайындалады, Келер жылдан бастап әліпбиді енгізу бойынша білім беру ұйымдарында арнайы кесте бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Ең әуелі білікті кадрлар даярланады, оқулықтар басылып шығарылады, нормативтік сөздіктер әзірленеді. Білікті мамандар даярланып болған соң ғана латын жазуы барлық білім беру ұйымдарында жаппай оқытыла бастайды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мұқият оқылып, жан-жақты талдану үстінде. Әсіресе ғалымдарымыз, тіл мамандары, көзі қарақты, көкірегі ояу жастарымыз латын әліпбиі төңірегінде тұщымды ой-пікірлерін білдіруде. Жастардың латын графикасын енгізу мәселесін ықыласпен қабылдағанын атап өткен орынды. Бірнеше тілді еркін меңгерген студенттеріміз интернет кеңістігіне еркін енуде және латын графикасын қолданудың ешқандай қиындық тудырмайтындығын аңғарып отыр. Жеткілікті ұйымдастыру мүмкіндігін, кадр байлығын, сондай-ақ көп тілді білім беру саласындағы үлкен тәжірибесін қолдана отырып, университетіміз мақалалар мен түрлі кітаптарды жарыққа шығару, дәрістер оқу, көрмелер ұйымдастыру, мақалалар жазу, хабарлар жүргізу арқылы Президенттің бағалы бастамасын кеңінен дәріптеуді жүзеге асыруда. Латын графикасына көшу мәселесіне байланысты оннан астам материал аймақтық деңгейдегі басылымдарда жарияланды.
«Қазақ тілінен латын графикасына кезеңдік көшу» бағыты бойынша құрылған жобалық офисте университет ғалымдары облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Латын графикасына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған спикерлердің кандидатуралары белгіленді. Олардың барлығы жоғары деңгейдегі мамандар және сапалы жұмыс жүргізе біледі. Сондай-ақ біз латынша жазылатын қазақ тілінің орфографиясы мен графикасын оқытуға байланысты қашықтықтан үйрету курсын ұйымдастыруға, лингвистикалық және құқықтық сараптама өткізуге дайынбыз. Теориялық еңбектері бар және оқыту тәжірибесін жетік меңгерген университет ғалымдары жаңа ұрпаққа оқулықтар шығаруға, жаңа қоғамның мамандарын даярлауға, соның ішінде мұғалімдерді даярлауға қатысуға міндетті. Бұл үшін қазақ тілінің латын графикасына көшуі шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейде авторлар ұжымын құру қажет.
Jsk ақпарат