• 25 ноября, 2024 1:51 дп

Латын әліпбиіне көшу – халықтың дамуына жол ашады.

Автор:admin

Ноя 8, 2022

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері, оқушы жастар, оқытушылар латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесін көтерді. Бұғанға дейін қазақ жазуы А.Байтұрсыновтың емлесі негізінде жүргізілген еді. Алайда латын қозғалысының кең түрде насихаттала бастауы араб жазуын ығыстыра бастады. Сөйтіп жаңа латын әрібін қолдаушылар мен бұрынғы араб жазуын қолдаушылар арасында үлкен айтыс-тартыс туындады. Бұл, әсіресе, 1924 жылы жазуында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде айқын білінеді. А.Байтұрсынов бастаған араб әрібін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданды. Осы съезде А.Байтұрсынов бас баяндама жасап, онда араб әрібінің қай жағынан болса да ыңғайлы, қолайлы әріп екендігін дәлелдеп берген болатын. 1927 жылы латын әрібін алу жолындағы бұл білімпаздардың арасында болған айтыс-тартысын жинақ ретінде Кәрім Тоқтабаев пен Мұхтар Мұрзин Қазақстан жаңа әліппе комитетінің тапсырмасымен Қазақстан мемлекеттік баспасынан «Жаңа әліппе жолында» деген кітап шығарып, онда латын әліпбиіне қатысты М.Мұрзин, Ә.Байділдин, Т.Шонанов, В.Бартольд, Н.А.Шмарин, Л.Жирков, Жозе және тағы басқа ғалымдар мен зиялылардың ой-пікірлері топтастырылды. Жаңа әліппе комиссиясының жұмыс нәтижесіне партия мен үкімет қолдау көрсетті. Латын жазуын қолдаушыларының арнайы «Жаңа түрік әліппесінің комитеті» құрылып, «Жаңа түрік әліпбиі» атты кітап бастыртып, мектептерде осы кітаппен оқытуды ұсынды. Сондай-ақ газеттерді бірте-бірте латын әрпімен басу мәселесін өз міндеттеріне жатқызды. Комитет мүшелері халық арасында баспасөз арқылы жаңа әліпбидің қалың бұқара үшін араб әрпіне қарағанда пайдасы мен қолайлылығын түсіндіріп, осы төңіректе пікір алмасуға шақырды. 1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын да ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырып, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды. Осы жылы Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты. 1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезде латыншылар мен арабшылар арасында қатты қызды. Осы съезден кейін түрік республикаларында жаңа әліпби ұйымдары құрыла бастады. Ұйымдардың басты мақсаты халық арасына латын әліпбиінің қолайлылығын түсіндіру болды. Сондай-ақ Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ латын негізіне қойылған жаңа әліппені алуға декрет шығарды.

Jsk ақпарат

Автор: admin