Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясының аясында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты тақырыптық кеш өткізілді.
Кеш қонақтары Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Ахыска түріктері ұйымының басшысы, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблея басшысының орынбасары Ағапаша Құрбанов, ағылшын тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ-түрік сөздігін құраған тарихи тұлға АябекБайниязов, магистр-оқытушы Мұхаммедрасул Мырзахметов болды.
Өз кезегінде сөз алған Ағапаша Құрбановжеке құрамға өз ұлтының Қазақ еліне ата–бабасының қалай ауып келгенін, осы құтты мекеннің суын ішіп, нанын жеп өскендігін, қазақ халқына деген ыстық ықыласын білдірді. Осынау қазақ халқына деген махаббатының арқасында қазақ тілін бала кезден үйреніп, қазақ мектебінде оқыған Ағапаша Гүләлұлы мектеп бітіре сала ойланбастан қазақ тілі факультетіне оқуға түсіп, одан әрі білімін жетілдіріп қазіргі уақытта білдей жоғары оқу орнының доценті болып қызмет жасап жүр.
Түркия елінде 10 жылдан аса уақыт жоғары оқу орнында декан қызметін атқарған Аябек Байниязов, өзінің қызмет жолында кезіккен тіл мәселесі жайлы жеке құраммен бөлісті. Түркия елі өзінің ана тілін тірілту жолында қаншама ұлы істер атқарғанын, біз қазақтың ұлдары бай ана тілімізді қорғап, қастерлеп келесі ұрпаққа кіршіксіз жеткізуімізді ұсынды. Авар ақыны Расул Хамзатовтың өлең шумағын оқып, тілдің қаншалықты маңызды екенін, тіл бар да ұлт бар екенін, ана тілі- халықтың жаны екенін ұғындырды.
Дегенмен қазіргі заманның ағымына сай Мемлекет басшымыз мысал келтірген «екі тіл білген екі адам деп», жастарды жан-жақтылыққа, өзге де әлем тілдерін үйренуге шақырды. Алайда ана тіліміз — қазақ тілі қашанда тұғыры биік болуы тиіс деп қорытындылады.
Кеш соңында қонақтарға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмреевтің алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтары табыс етілді.
Біздің Ұлттық ұлан жауынгерлері үшін «Отан» ұғымы қаншалықты маңызға ие болған болса, мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі соншалықты маңызға ие.
Сержант Бекжан МӘЛІК
Шымкент қаласы