• 12 марта, 2025 9:52 пп

МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙДІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ МҮМКІНДІГІ ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

Автор:admin

Мар 12, 2025

 

2024 жылғы қарашада Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. Заң былтыр 4 желтоқсанда қолданысқа енді. Бұрын берілген жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылған.
Жекешелендіру тәртібі жалпы алғанда өзгеріссіз қалады. Атап айтқанда, Тұрғын үй қалдық құны бойынша (баланстық құнның 2%-ы мөлшерінде, физикалық тозуды шегергенде) жекешелендіріледі.
Егер тұрғын үй құны 15 млн. теңгеге дейін болса, сатып алушы 10 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады. Құны 15 млн. теңгеден асса, төлем мерзімі 15 жылға дейін ұзартылып, тұрғын үй құнының 10%-ын бастапқы жарна ретінде төлеу арқылы сатып алу құқығы беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйді өтеусіз алуға келесі санаттардың құқығы бар:
• ҰОС мүгедектері мен қатысушылары;
• І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
• Чернобыль атом электр станциясына қатысқан адамдар;
• Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтар;
• Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған әскери қызметшілер;
• Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккендер;
• Әскери қызметшілер, Ішкі істер министрлігі және арнайы жасақтарда 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар мемлекеттік органдар;
• Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер құқылы;
• Саяси қуғын-сүргiндер құрбандары, саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдар;
• Ішкі істер органдарының күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлері және теріс себептер бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, қызметтен шығарылған және күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлер, сондай-ақ күнтiзбелiк есеппен он және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар және мүгедектігі бар балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы. Ішкі істер органдарының берілген қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар зейнеткері қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар мен бюджеттік ұйымдардың 10 жылдан астам жұмыс істеген қызметкерлері де өз пәтерін сатып ала алады. Пәтерді жекешелендіру үшін Kezekte.kz электрондық жүйесіне өтінім беру қажет. Тұрғын үй қорынан тек бір ғана тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы (купондық тетік арқылы жекешелендіруді қоспағанда).
Бұрын жекешелендірілген тұрғын үйде негізгі жалға алушының отбасы мүшесінің үлесі 50%-дан аз болған жағдайда, бұл оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру құқығын жүзеге асыруына кедергі келтірмейді.

Автор: admin