• 24 августа, 2025 9:24 дп

МИНИСТР МЕКТЕПТЕРДІ ОНЛАЙН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Автор:admin

Авг 24, 2025

 

Жаңа оқу жылының басталуына орай, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Министрдің басты мақсаты – білім беру сапасын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мектептердегі жаңа технологияларды енгізу жұмыстарының барысымен танысу.

Сапар барысында министр қала әкімдігінің Ахуалдық орталығына барды. Мұнда ол Шымкент қаласында білім беру нысандарында жүзеге асырылып жатқан онлайн мониторинг жүйесімен танысты. Орталықта мектептердегі оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан бейнебақылау жүйесінің жұмысы көрсетілді.

Қазіргі таңда, Шымкент қаласының барлық мектептерінде орнатылған бейнемониторинг жүйелері онлайн режимде жұмыс істейді. Бұл жүйе мектептердегі қауіпсіздікті бақылауды күшейтуге, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мектептердің әрбір бұрышы мен сыртқы аумағы бейнекамералармен жабдықталған, бұл оқыс оқиғалардың алдын алуға және кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Министр Ғани Бейсембаев мектептердегі қауіпсіздік шараларының маңыздылығын атап өтіп, бұл тәжірибенің басқа өңірлерде де енгізілуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануды ұсынды.

Шымкент қаласы елімізде білім саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыруда көшбасшы болуға ұмтылуда. Онлайн бақылау жүйелері мен бейнемониторингтің біріктірілген жүйесі білім беру процесінің ашықтығын арттыруға және оқушылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министр сапар барысында қала әкімдігі мен білім басқармасының өкілдерімен де кездесіп, алдағы оқу жылына дайындық жұмыстары мен жоспарларды талқылады.

Автор: admin