• 24 июля, 2025 3:53 дп

МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер не береді?

Автор:admin

Июл 23, 2025

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтікмедициналық сақтандыру туралы заңға енгізілгенөзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер ететіні жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы филиалының директоры АлимоваЛяззат Барлықбайқызымен сұхбаттастық.

Ляззат Барлықбайқызы, қайырлы күн. Мемлекет басшысы МӘМС туралы заңға өзгерістерге қол қойды. Бұл өзгерістер халыққа не береді? Жалпы қандай жаңа мүмкіндіктер қарастырылып отыр?

Иә, бұл – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған үлкен қадам. Ең алдымен, МӘМС жүйесіне қамтылатын азаматтардың ауқымы кеңейеді. Яғни, енді әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар – нақты айтқанда, D және E деңгейіндегі дағдарыстық санатқа жататын адамдар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Сондай-ақ, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұл 2026 жылға қарай шамамен 1 миллион адамды жүйемен қамтуға мүмкіндік береді.

Бұл жақсы жаңалық екен. Ал бұрын жарна төлемей қалған азаматтар яғни, үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесінен айырылып қалатын. Бұл ретте қандай өзгерістер болды?

-Дұрыс айтасыз, бұл өте маңызды мәселе. Енді азамат кемінде бес жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген болса, қандай да бір себеппен уақытша жарна төлемесе де, алты айға дейін сақтандырылған мәртебесі сақталады. Бұрын бұл тек үш аймен шектелетін. Бұл шара азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз алуға мүмкіндік береді. Бірақ кейін сол кезеңдегі жарна қарызын өтеу міндетті болады.

2026 жылдан бастап енгізілетін «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» деген бастама туралы да айтып өтсеңіз. Бұл медицина саласындағы қандай өзгеріс?

«Бірыңғай медициналық көмек пакеті» – бұл денсаулық сақтау қызметтерін қолжетімді етуді көздейтін бастама. Ең маңызды өзгеріс – онкологиялық ауруларға арналған скринингтер барлық азаматтарға тегін болады, яғни сақтандырылған мәртебеге қарамастан, ТМККК аясында көрсетіледі.

Сонымен қатар, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда (мысалы, туберкулез, АИТВ, гепатит, психикалық аурулар, инфаркт, инсульт т.б.) консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұрын мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.

2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, созылмалы ауруларға динамикалық бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту және жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС-тіңбазалық пакетіне енгізіледі. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызметтер пакеттерін нақты ажыратуға және халық пен медицина қызметкерлерін дұрыс ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Бұл өзгерістер қаржылық тұрақтылықты қажет етеді. Осыған байланысты жарна есептеу тәртібінде қандай жаңалықтар бар?

Жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін 2026 жылдан бастап жарна есептеу шегі жаңартылады:

Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),
Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.

Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығыннығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулықсақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділжәне теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруғамүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жарна төлеу мәселесінде қандай өзгеріс бар?

Қазіргі таңда мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл – балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүкті әйелдер және т.б. 2025 жылы жарна мөлшерлемесі 2% болса, 2027 жылдан бастап біртіндеп артып, 2037 жылға дейін 4,7%-ға жетеді. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады. Бұл өзгеріс қызмет ауқымының кеңеюіне байланысты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Шымкент қаласында МӘМС аясында қандай медициналық қызметтер қолжетімді? Халыққа қандай нақты көмек көрсетіліп жатыр?

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 177 медициналық ұйым МӘМС аясында қызмет көрсетеді. Оның ішінде 34-і – мемлекеттік, 143-і – жекеменшік.

Тұрғындарға жыл басынан бері 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Оның ішінде МРТ, КТ, УЗИ сияқты қымбат зерттеулерге сұраныс көп. Сонымен қатар, 500-ге жуық жоғары технологиялық операция (мысалы, кардиохирургия, нейрохирургия) жүргізілді, жалпы құны – 1,8 миллиард теңгеден асады. Жыл соңына дейін осындай 1500 операцияны қаржыландыру жоспарланған.

Ляззат Барлықбайқызы, сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Өзгерістердің халыққа оң әсер ететініне сенеміз.

Рақмет! Денсаулық – бәрінен қымбат. МӘМС жүйесіне белсенді қатысу – әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі.

Автор: admin