Қоғам өмірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекет, яғни оның атқарушы, заң және тағы басқа органдарының атқаратын ролдері айрықша. Қазіргі кездегі мемлекеттің экономикалық ролі, бұл көптеген ғасырлар өмірінің тәжірибе нәтижесі. Қоғам өмірінің даму жолында оның экономикаға ықпал жасау тәсілдері, құралдары әруақытта өзгеріп отырды. Нарықтық экономикаға ықпал жасау тәсілдері мен құралдарының қалыптасу жолында әлемдік дағдарыс маңызды роль атқарды.Әлемнің дамыған елдеріндегі өндіріс көлемі екі еседей төмендеп, халықаралық сауда күрт азайып, миллиондаған адамдар жұмыссыз қалды, осы кезде мемлекеттер дағдарыспен күрес жолында көптеген экономикалық іс-әрекеттерді өз мойындарына алуға мәжбүр болды. Яғни, нарықтық экономика механизмін мемлекеттік реттеу шараларымен толықтыру қажеттілігін түсіну басталды. Қазіргі кезде қоғам өмірінің дамуында экономикалық іс-қимылдар аясының кеңеюі, ішкі және халықаралық шаруашылық байланыстардың күрделене түсуі мемлекеттің экономиканы реттеу ролін күшейте түсті. Қазақ ғалымдары Мамыров Н.К., Ихданов Ж. Анықтамалары бойынша, мемлекеттік реттеу дегеніміз, бұл макроэкономикалық тұрақтылықты және тиімді тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық процестерге әкімшілік, экономикалық, ұйымдастыру-құқықтық араласу түрі. Нарықтық экономика жағдайында экономиканы мемлекеттік реттелінуі деген, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жүйені өзгермелі жағдайға бейімдеу және тұрақты дамыту мақсатында өкілетті мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар іске асыратын тексеру, атқару және заңдылық сипатындағы шаралар жүйесі. Біріншіден, экономика мемлекеттік реттеу, бұл белгілі — бір процестерді, экономикалық құбылыстарды қолдау немесе олардың іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатындағы экономикалық жүйеге мемлекеттің ықпал жасауы. Екіншіден, мемлекет ықпалының мақсаты — әлеуметтік-экономикалық жүйені өзгермелі жағдай талабына бейімдеу, макроэкономикалық тұрақтылықты және тиімді тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Үшіншіден, мемлекеттік ықпал әкімшілік, ұйымдық құқықтық түрдегі тексеру, іске асыру және заңдылық сипатта болатын шаралар жүйелерінен тұрады. Төртіншіден, ықпал өкілеттігі бар мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар арқылы іске асырылады.
Jsk ақпараттық агенттігі