Наурыз тойы – ата-бабамыздың бай дәстүрі мен ұлттық мәдениетінің жаңғырып, бірлік пен берекенің жарқырай көрінетін мерейлі кезі. Бұл күндері ақ түйенің қарны жарылып, қала тұрғындары үшін ерекше сезім, ұлттық рух оянып, мәре-сәре күй кешеді.
Бүгін Шымкенттегі “Көрме орталығында” Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған ұлттық киімдер көрсетілімі де нағыз өнер мен мәдениеттің мерекесі болды. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген дизайнерлер қатысып, қазақтың ұлттық киімін заманауи үлгіде ұсынып, жаңаша сипат берді. Бұл сән көрсетіліміне Шымкенттің өзімен қатар, Алматы, Астана, Түркістан қалаларынан келген шеберлер қатысты. Олар күнделікті киюге лайықталған ұлттық нақыштағы киімдерден бастап, қалыңдық пен күйеу жігіттің киімі, кимешек және камзол үлгілерін ұсынды. Әрбір туынды ұлттық дәстүр мен заманауи трендтердің үйлесімін көрсетті.
Көрсетілімнің ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, ұлттық киімнің маңыздылығына тоқталды.
– Наурыз – ұлттық дәстүр мен салт-сананы дәріптейтін ұлы мейрам. Біз бұл мерекені тек дастарқан жайып қана емес, мәдениетімізді насихаттау арқылы да тойлауымыз керек. Бүгінгі шара соның бір айғағы. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен болмысын бейнелейтін құндылық. Біз оны тек арнайы мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірімізде де киюді әдетке айналдыруымыз керек. Біз ұлттық киімді жаңғырту арқылы өз болмысымызды көрсетеміз. Қазақтың ою-өрнегі, түстер үйлесімі, маталары – мұның бәрі терең мағынаға ие. Осындай сән көрсетілімдері ұлттық мәдениетіміздің жаңғыруына үлкен үлес қосады, – деді ол.
Көрсетілім барысында күнделікті киюге арналған заманауи үлгідегі камзолдар, жібек матадан тігілген ұзын көйлектер, сәнді бешпенттер ерекше сұранысқа ие болды. Сонымен қатар, жас жұбайларға арналған киім үлгілері де көрерменнің қызығушылығын тудырды. Дизайнерлер дәстүрлі қазақи үлгіні сақтай отырып, оны қазіргі заманғы сән ағымына сай етіп жаңартқаны да орынды көрінді.
– Ұлттық киім – халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңірген асыл мұра. Менің мақсатым – қолөнердің нәзік өрнегін сақтай отырып, қазақ киіміне жаңа сипат беру. Әрбір оюдың, әрбір бедердің өз мағынасы бар, сондықтан мен киімдерімді тек сән үшін емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін тігемін. Бүгінгі сән көрсетілімінде киімдерімнің ерекшелігін таныстырып, халқымыздың киім мәдениетін заманауи стильде ұсынуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын, – дейді «Сымбат-Жамал» брендін ұсынған Сымбат ханым.
Шара соңында үздік дизайнерлер марапатталып, ұлттық киімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етілді. Ұлттық киімнің жаңғыруы – халқымыздың өз мәдениетіне деген құрметінің белгісі.
#nauryznama2025