• 24 сентября, 2025 9:41 дп

Отан қорғаушылар өмірімен танысқан тағлымды күн

Автор:admin

Сен 24, 2025

Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде жоғары сынып оқушылары үшін «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталған шараға №4 Талант орта мектебінің 10 сынып оқушылары мен алғашқы әскери дайындық сабағының ұстазы қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты жастарды әскери қызметтің тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстыру, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және Отан қорғау ісіне деген қызығушылықтарын арттыру.

Алдымен оқушыларға әскери бөлімнің тарихы, әскери қызметшілердің жауынгерлік қызметтегі жетістіктері айтылды. Содан соң әскери бөлімнің саптық алаңына жайылған қару-жарақ көрмесі, әскери техника және жауынгерлік қызмет барысында киілетін арнайы киімдер, құралдар көрсетілді. Сонымен қатар оқушылар қызметтік иттердің жаттығуларын, сарбаздардың қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілімдер тамашалады. Жауынгерлеріміздің тұрмыс-тіршілігі мен жатын жайларын да көрді. 10 сынып оқушыларының әскери дайындық жетекшісі майор Каримбаев Рисхжан осындай әскери-патриоттық шаралардың оқушылар үшін маңыздылығын атап өтті. Ашық есік күнінен өзіне ерекше әскер алған 10 сынып оқушысы Нарматов Санжар: «Бүгін мен әскери қызметтің жауапкершілігін өз көзіммен көрдім. Сарбаздармен таныстым. Бұған дейін кинодан көретін нағыз қару мен әскери техниканы ұстап көріп, өзімді жауынгер сезіндім. Әскери бөлімнің қызметімен таныса жүріп, мұндағы маңызды нәрсе тәртіп екенін байқадым. Олардың қызметінің оңай емес екенідігіне көз жеткіздім. Оларды нағыз батырлар деп айтар едім»,- дейді. Шара соңында оқушылар әскери бөлімнің жауынгерлеріне алғыстарын айтып, естелік суретке түсіп үлгерді.

Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың бойына патриоттық рух пен Отанға адал қызмет ету қасиетін қалыптастыруға үлес қосары сөзсіз.

6698 әскери бөлімі

капитан Шынжігітова Малика

Автор: admin