• 8 сентября, 2024 1:51 дп

Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша

Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін бәріңіз білесіздер. Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық — зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі шаһар тұрғындары арасында болатын, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша, кешенді жобаларды қоғамдық бірлестіктер арқылы әлеуметтік тапсырыстар негізінде жүзеге асырып отыр. Негізінен, қай халық та отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. З орлыққа төзімсіздік отбасында, баланың кішкентай кезінен бастап тәрбиеленуі керек. «Анасын көріп, қызын ал» дейміз. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Осындайда, шыдамның да шегі бар және оның салдары да қорқынышты екенін айта кетуіміз керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынады.  Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әкімшілік құқық бұзушылық немесе отбасылық мәселе емес, кез-келген басқа зорлық сияқты қылмысқа жатады. Әйелдер күш көрсетіп жатса да төзімділік танытады, жұрт алдындағы абыройын ойлап, күйеулеріне қарсы берген арыздарын да қайтып алып жатады. Біз отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін түсіндіреміз. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Тек күйеуінен ғана емес, жігіт болған баласынан зәбір жейтін аналар да бар.

Зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлықзомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, әрі қарай өмір сүре береді. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады. Сондықтан, оларды арнайы заңмен жауапқа тарту керек деп есептеймін.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin