Түркістан облысында елімізде тіркелген барлық партиялардың филиалдары бар. Бүгінде партиялар белгіленген тәртіппен заң аясында өз жұмыстарын жалғастыру үстінде. Осы аналитикалық мақалада біздің «jsk.kz» редакциясы саяси партиялардың мақсаты, міндеті, функцияларын егжей-тегжейлі баяндап беретін боламыз. Саяси партиялардың негізгі мақсаты — қоғамның саяси өміріне қатысу, билікті алуға қол жеткізу және мемлекетті басқаруға ұмтылу. Саяси жүйедегі партиялардың рөлдерін зерттеу саясаттанудағы маңызды тақырыптардың бірі болып табылады. Осы саладағы көрнекті теоретиктер қатарында М.Вейнер, М.Дюверже, Р.Шварценберг, Дж. Сартори тәрізді ғалымдарды айтуға болады. Әртүрлі елдердегі партиялардың қызмет атқаруы, саяси партиялар мен партиялық жүйелерді типологиялау, әртүрлі саяси режимдердегі партиялық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесулері — аталған ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің басты бағыттары болып табылады. Қоғамның саяси өміріндегі саяси партиялар мен қозғалыстардың негізгі функциялары: — әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін, көзқарастарын анықтау, пысықтау және институционализациялау; — осы мүдделерді қоғамның барлық деңгейінде және билік институттары шеңберінде білдіру, көрсету; — мемлекет пен азаматтық қоғам арасында берік және көпдеңгейлі байланыстарды орнату; — басқа партиялардың бағдарламаларымен бәсекеге түсу негізінде қоғамды дамытудың бағдарламалық мақсаттарын әзірлеуге қатысу; — халық бұқарасын қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуға тарту; — партияның белсенді және қабілетті мүшелерінің қатарынан саяси элитаға рекруттеу; — заңнамалық және билік институттарының жұмыстарына қатысу. Партия қоғамдьщ құрылысты, билікті ұйымдастыруды және бүкіл мемлекет өмірін жетілдіру бойынша нақты бағдарламаны ұсынатын саяси топ ретінде көрінеді. Мұндай мақсаттардың негізіне әдетте идеялық ұстанымдар түрінде көрініс табатын әлеуметтік топтардың мүдделері қойылады. Партия идеологиясы — партия мүшелері оны шынайылыққа айналдыруға ұмтылатын рухани қүндылықтар мен бағдарламалық ережелерді білдіреді. Әдетте партиялар өздерінің қызмет бағыттары мен ішкі ұйымдасуын айқындайтын негізгі құжаттарды — бағдарлама мен жарғыны қабылдайды. Жарғы партияның ұйымдық құрылымын көрсетеді. Әдетте, жеке азаматтардың партия қызметіне қатысуы әртүрлі нысандарда іске аса алады: 1) Партия мүшелігі. Партиялардың көпшілігі қатаң белгіленетін мүшелікпен ерекшеленеді, яғни партия қүрамына жаңадан қабылданған әрбір адам. мүшелік билет алады. Партия рәміздері, төсбелгілер, киім түрі және тағы басқа да заттар адамның белгілі бір партияға мүше екенін білдіретін ерекше белгілерге жатады. Үйымның қызметіне қатысу және оның қатарынан шығу тек ерікті негізде болуы тиіс. Партия мүшелері жиналыстар, шерулер, саяси кампаниялар, қайырымдылық акциялар түріндегі көптеген іс-шаралар үйымдастырумен және өткізумен айналысады, олар сонымен қатар мүшелік жарна төлейді. Бірқатар партиялардың жарғыларында партия мүшелері іс-шараларға қатыспаған немесе басшылықтың идеологиялық бағытын мойындамайтын жағдайда адамды партия қатарынан шығарып тастайтын ережелер де бар екенін айта кету керек. Демократиялық бағыттағы партиялардың көпшілігі идеялық әртүрлі пікірлердің болуына және осының негізінде пайда болатын жеке фракциялардың өмір сүруіне жол береді. 2) Партияда өз мүшелерінен бөлек, оның идеялық ұстанымдарына тілектес және партия лидерлеріне сайлау кезіндегі күрестерде көмек көрсететін жақтастары да болады. Осындай адамдар партияға дауыс берушілердің негізгі бөлігін құрайды. Партия жақтастарының құрамы саяси ортадағы өзгерістерге байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Белгілі бір нақты партияны қолдайтын азаматтар тобын электорат деп атайды. Партияның аз да болса тұрақты электоратының болуы аталған ұйымның қоғамда өз орыны бар екендігін білдіреді. Ал электорат ұғымы кең машнада сайлауға қатысу құқығына ие елдің барлық тұрғындарын белгілеу үшін қолданылады. 3) Оның қызметін ұйымдастырумен айналысатын адамдардан тұратын аппарат — партия ядросы болып табылады. Олар осы қызметтері үшін еңбекақы алуы мүмкін. Аппарат партия құжаттарын дайындайды, мүшелік жарналарды жинайды, басқа ұйымдармен және мемлекетпен байланысты жүзеге асырады. Әртүрлі елдердің партиялық ұйымдары белгілі бір түрде мемлекеттік аппарат, парламент, қоғамдық ұйымдарға кадр дайындайтын ұстахана ретінде көрінеді. Бірлестік ішінде азаматтардың саяси күреске қажетті дағдыларды алуымен, әлеуметтік-экономикалық және саяси мүдделерді қорғауда халық бұқарасын өз жағына тарта алатын әдістерді үйренуімен қатар, олардың дүниетанымдарының қалыптасуы жүреді. Партия жұмысы өз мүшелері арасындағы ұйымдастырушылық және мемлекеттік қызметке қабілетті адамдарды анықтауға мүмкіндік береді, ал олар өз кезегінде мемлекеттегі маңызды лауазымдарға үміткерлерге айналады. Жалпыұлттық партиялар бүкіл елдегі кең таралған құрылымдық бөлімшелеріне арқа сүйейді. Жарғыда партияны басқарудың қалай іске асатыны, оның орталық және жергілікті органдарын қандай қатынастар байланыстыратыны айқындалады. Жарғыда, сонымен қатар, партияның аймақтық және және жалпыұлттық басқару нысанын сайлау көрініс табады. Партия бағдарламасы — соның негізінде қоғамның қазіргі жағдайы және оның алдағы болашағына қатысты қатынастар қалыптасатын белгілі бір нақты құндылықтарды ұстанатындығын жариялайтын негізгі құжат болып табылады. Демократиялық мемлекеттегі партиялар әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіреді. Көзқарастары, пікірлері мен сенімдері түрғысынан бір-біріне жақын адамдар осындай бірлестіктер арқылы өз мүдделерінің шеңберін белгілеп, болашақтағы міндеттерін құрады. Партия көптеген адамдардан тұратын ұжым болып табылатындықтан, олардың партияға мүше болуы партия мүшелеріне қоғамдық пікірталастарда және мемлекет деңгейінде көтерілуі тиіс мәселелерді табуға көмектеседі. Қоғамдағы негізгі саяси ұйымдардың қолданыстағы бағдарламалары негізінде айтарлықтай сенімді түрде елдегі партия күштерінің арақатынасын анықтауға және онда қазіргі күнде бар қайшылықтарды табуға болады. Кез келген саяси партия сайлауларда жеңіске жетуге ұмтылады және сайлаушылардың басым көпшілігін дәл осы партияның саяси бағыты ғана елдегі барлық күрделі мәселелерді пәрменді түрде шешуге мүмкіндік беретіндігіне сендіру мақсатын ұстанады. Ол сондықтан өз жақтастарының қатарына бір топтың немесе бір таптың өкілдерін тартумен қатар, бір мезгілде өзінің жалпыұлттық мүдделерге жақын екендігін жариялап отырады. Партиялар өздерінің көптүрлілігінің арқасында жекелеген топтардың әртүрлі, көп жағдайда бір-біріне қайшы келетін мақсаттары мен міндеттерін мемлекет деңгейінде біріктіруге және оларды түтастыққа айналдыруға мүмкіндік беретін қүрал болып табылады. Бұл үдерістің соңғы нәтижесі, ең біріншіден, сайлаушылардың еріктері мен қалауларына тікелей тәуелді болады. Демек, парламенттен көп орын алған партия соған сәйкес өз бағдарламаларын іске асыруға да көп мүмкіндік алады. Партияның парламенттен аз орын алып қалуы оның саяси өмірде рөл ойнамайтындығын білдіре ме ? Саяси партиялардың қалыптасу тарихы. Қазақ хандығы дәуірінде саяси күрес негізінен беделді түлғалар болып саналатын хандар мен сұлтандардың төңірегіне жинақталған ірі ру-тайпалық топтардың арасында жүрді. Мұндай бейресми ұйымдар бір жүздің немесе ру-тайпаның өкілдерін ғана қамтитын. Әртүрлі ру-тайпалардың өкілдері билеушінің (ханның) орнына күрес басталған кезде ғана өткір бәсекелестіктер пайда болатын. Қазақстан Ресейге қосылып жатқан кезеңде осы одақты жақтаушылар мен қарсыластар топтары қалыптасты. Ал, Батыс Еуропада феодалдық кезеңдегі осы тәріздес бірлестіктер қазіргі күндегі саяси партиялардың бастауына айналды. Әртүрлі мүдделердің төңірегінде уақыт өте келе тұрақты топтарға айналған саяси бағыттағы уақытша одақтар мен каолициялар көрініс таба бастады. Осы орайда, XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында Англия мен АҚШ-та заманауи түрдегі саяси партиялар пайда бола бастады деп айтуға болады. Ресейде партиялар ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастады. Қазақстан да сол кезеңдегі империяның бір бөлігі ретінде осы үдерістерге тартыла бастады. Қазақстан аумағындағы ірі қалаларда жалпыресейлік партиялар мен ұйымдардың (кадеттер, ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы, социалист-революционерлер, меньшевиктер және т.б.) филиалдары пайда бола бастады. Қазақ зиялылары арасында ұлт-азаттық түғырдағы алғашқы «Алаш» және «Үш жүз» партиялары құрылды. Олар қазақ мемлекеттілігін қайта қүруды және қазақ халқының мәдениетін, оның өмірлік және құқықтық жүйесін қорғауды мақсат етіп қойды. Одан бөлек, ел тұрғындарының бір бөлігі Түркістан аймағында әрекет ететін жергілікті мұсылман партиялары мен ұйымдарына белсенді түрде қолдау білдірді. Яғни, осы кезеңде көппартиялық пен парламентаризмнің пайда бола бастағаны туралы айтуға болғанымен, бір мезгілде демократия негіздері жаңадан қаланып жатқандықтан оның қалыптасқаны және дамығандығы туралы айтуға әлі де ерте еді. Ресей империясындағы сайлаулар еркін және теңқұқықты болмады — олар сословиелік принцип бойынша жүргізілді. Қазақтардың Мемлекеттік Думадағы үлесі де тым мардымсыз болатын. Ресейдегі және оның бір бөлігі болып табылатын сол кезеңдегі Қазақстандағы көппартиялықтың қалыптасу тарихы революция алып келген қайғылы оқиғалармен аяқталды. «Алаш» партиясының қайраткерлері 1917-1918 жылдардағы Қазақстанда орын алған оқиғаларға белсенді қатысты. Олардың Алашорда ұлттық өкіметін жариялаған үндеуін большевиктер сатқындық деп айыптап, оны таратып жіберді. «Алаш» ұйымының көптеген қатысушылары қуғындауларға түсіп, олардың бір бөлігі кеңес билігіне қолдау білдірді. Дегенмен 30 жылдары олар да қуғын-сүргінге ұшырап, көпшілігі атылу жазасына ілігіп кетті. Большевиктер азамат соғысында жеңіске жеткеннен кейін КСРО-да қызмет атқаратын бірден-бір партия — Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы (КПСС) қалды. Біздің республикада оның филиалы болып табылатын Қазақстан Компартиясы қызмет атқарды. Яғни, 1917 жылғы қазан төңкерісі парламентаризм мен демократия негіздерінің қалыптасуының табиғи барысына нүкте қойды деп айтуға болады. Кеңестер Одағында өткен ғасырдың 80 жылдарының соңына дейін Коммунистік партияға балама партиялар мен үйымдарды қүру туралы сөз қозғаудың өзі артық еді. Кеңестік жүйеде қайта құрудың басталуы (1985 жыл) елдің дамуындағы жаңа жолдарды іздестіруге алып келді. Шығармашылық және зиялы қауым арасында, одан кейін тұрғындардың кең бөліктерінің арасында қоғамда белең алған экономикалық және саяси тоқыраудан шығуға қатысты әртүрлі пікірлер қалыптаса бастады. Жаңару мен демократияландыру идеяларының негізінде халық фронттары, демократиялық күштер одағы, демократиялық партия, демократиялық одақ және басқа да осы бағыттағы көптеген балама ұйымдар пайда бола бастады. Ұлттық тәуелсіздік үшін күреске одақтас республикалардағы бүқаралық қозғалыстар қатысты. Қазақстанның суверенитеттілігі идеясының жақтаушылары бірнеше ұйымдарға бірікті. Осы қатарда бастапқыда Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысы, «Алаш», «Желтоқсан» партиялары кең танымал болды. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген соң елдегі саяси күштердің қайта топтасуы орын алды. Өйткені қоғам жағдайының өзгеруі саяси ұйымдардан өз мақсаттары мен міндеттеріне қатынастағы жаңа әдістер мен жолдарды талап ете бастады. Еліміздегі сол кезеңдегі ең үлкен партия болып табылатын Коммунистік партия қайта реформаланып, өз атын социалистік партияға ауыстырды. Коммунистік идеалдарға қатынастағы сенімдерін сақтап қалған консервативтік күштер көп өтпей-ақ Компартияны қайта құрып алды. Елімізде 1990 жылдары сонымен қатар Социалдемократиялық партия, «Желтоқсан» партиясы, Қазақстан Халық Конгресі, Қазақстанның Қайта өрлеу партиясы, Демократиялық партия, Республикалық партия, Қазақстан Халық Шрлігі партиясы, ХалықКооперативті партиясы, Азаматтық партия, «Отан» партиясы тәрізді саяси күштер құрылды. Сонымен қатар Либералдық қозғалыс, Халық фронты, «Азамат» қозғалысын құру туралы жарияланды. Осы айтылып отырған ұйымдардың бір бөлігі қазіргі күнде өз қызметтерін тоқтатты. Еліміздегі бірқатар ұйымдар жаңа құрамдағы парламент сайлауларына қатысты. Мәселен, 1995 жылғы депутаттық корпуста Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Қазақстанның Халық Бірлігі партиясы, Халық-Кооперативті партиясы, Қазақстанның Қайта өрлеу партиясы, «Лад» славян қозғалысы және басқа да партиялардың өкілдері болды. Парламенттегі айтарлықтай көп орынды Қазақстанның Халық Бірлігі партиясы иеленіп, ол Мәжілісте 27 орынға (палата депутаттарының жалпы санының 40%) және Сенатта 18 орынға (38%) ие болды. Өкінішке орай, сол кезеңде қоғамдық пікірді зерттеулер мақсатында жүргізілген сауалнамалар сайлаушылардың басым бөлігінің саяси ұйымдар мен олардың жұмыстары туралы мардымсыз білетіндігін көрсетіп берді. Бұл жағдай қоғамдағы азаматтық белсенділіктің төмендігімен, сонымен қатар партия лидерлерінің ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігімен тікелей байланысты болатын. Дегенмен, осыдан кейін орын алған елдегі жаңа сайлаулар кезінде саяси ұйымдар мен азаматтардың саяси белсенділіктері шыңдала бастады. Мәселен, 1999 жылы өткізілген президент сайлауына дайындық кезінде бірнеше жаңа партиялар мен қозғалыстар қоғамдық алаңға шықты. Олардың қатарында «Әділ сайлаулар үшін», «Қазақстан — 2030» қозғалыстары, «Азаматтық партия, «Аграрлық партия», «Отан» партиясы болған болса, «Табиғат» экологиялық ұйымы өзінің саяси партияға айналатындығын жариялады. 2003 жылы «Асар» партиясы құрылып, бұл партия 2004 жылғы сайлауда Мәжілістен бірнеше орын алуға қол жеткізді. 1999 жылғы сайлау нәтижесінде Парламент Мәжілісіне «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партиялардың депутаттары сайланды. 2004 жылы өткен келесі сайлау мынадай нәтижелерді көрсетті. Сайланған 77 депутаттардың ішіндегі 59 депутат саяси партиялармен ұсынылған болса, оның ішінде: «Отан» республикалық саяси партиясы — 42, Азаматтық және Аграрлық партиялармен құрылған «АИСТ» блогы — 11, «Асар» республикалық партиясы — 4, «Ақжол» демократиялық партиясы — 1 және Қазақстанның демократиялық партиясы — 1. Қалған 18 депутат өзін-өзі ұсыну жолымен сайланды. 2006 жылы «Отан» партиясының базасында және оған қосылған «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялардың негізінде «Аманат» демократиялық саяси партиясының құрылуы — Қазақстанның саяси алаңындағы елеулі оқиға болды. Ал келесі жылы «Аманат» партиясы қазақстандық парламентті толық өз қолына алды. 2007 жылғы сайлаулар нәтижесі бойынша Мәжіліске аталған партиядан 98 депутат өткен болса, қалған 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланды. Мәжіліс құрамы осының алдында орын алған конституциялық өзгерістерге сәйкес, 107 депутатқа дейін ұлғайтылған болатын. Партиялық жүйелердің түрлері. Партиялық жүйе қоғамда қызмет атқарып отырған барлық партияларды, сонымен қатар олардың арасындағы өзара қатынасу нысандары мен қоғам өміріндегі рөлдерін қамтиды. Партиялардың жағдайларының ерекшеліктері мемлекет заңнамасымен, оның тарихи, ұлттық және діни ерекшеліктерімен айқындалады. Партиялық жүйенің қалыптасуына қоғамның саяси дамуы мен мәдени деңгейі де ықпал етеді. Билікке ықпал ете алатын партиялар саны түрғысынан партиялық жүйелердің келесідей түрлері бар: — бірпартиялық, яғни мүнда бір партия қоғам өмірінің барлық салаларына бірден-бір ықпал ете алады. Нақты айтқанда, партия мен билік функцияларын ажырату тым қиын біртұтас бюрократиялық организмге айналып кетеді. Кейде монопольдық сипаттағы билік партиясын авангардттық партиялар деп те атайды, өйткені олар бүкіл қоғамды өз артынан ертіп жүреді. — екіпартиялық, яғни мүнда билікке бір-бірімен бәсекелес екі партия күреседі. Әдетте, тек осы партиялар ғана президент лауазымына кандидаттар үсынып, депутаттық мандаттарды алады. Бұл жүйе бір тарап кезек-кезегімен жоғары көтеріліп отыратын әткеншекке ұқсайды — көппартиялық, мұнда сайлаушылардың дауыстары үшін бірден көп (кейде ондаған) партиялар бәсекеге түседі. Тұрғындар дауыстары көптеген бөліктерге бөлінетіндіктен, бірде-бір күштің абсолютті басымдыққа ие дауыс жинай алмай қалатын жағдайлар да жиі кездесіп отырады. Мұндай жағдайда әртүрлі коалициялар құрылады, яғни үкімет құрамына бір мезгілде бірнеше партиялардың өкілдері енеді. Кейбір жағдайларда партиялардың нақты саны партиялық жүйенің түріне сәйкес келмеуі мүмкін. Мәселен, бірпартиялық жүйеде ресми режиммен күресетін заңсыз түрде жұмыс атқаратын партиялар өмір сүре алады. Одан бөлек, бірпартиялық мемлекет ішінде не партия ішінде басшылық етудің тоталитарлық немесе авторитарлық әдісінің үстемдік етуін білдірмейтін жағдайлар да орын алып отырады. Тіпті, АҚШ тарихында Азаматтық соғыстан кейін бірпартиялық жүйе өмір сүрген кезеңдер болғанын айта кету керек. 1923 жылдан 1946 жылға дейінгі аралықта Түркияда Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған халықтық-республикалық партия қызмет атқарды. Қоспартиялық жүйе жағдайында халық бұқарасы тарапынан ешқандай қолдау таппайтын шағын партиялар да заңды түрде әрекет етеді. Ал ресми тұрғыдағы көппартиялық жүйе бір ұйымның билікке монополиясын жасырып тұрған бетперде болуы да мүмкін. Мәселен, бұрынғы социалистік жолдағы Германия Демократиялық Республикасында билік басындағы Германияның социалистік біртұтас партиясынан басқа, елде мемлекетті басқару ісіне қандай да бір түрде шынайы қатыспаған үш партия қызмет атқарды. Қытайда да бірнеше партиялар бар болғанымен, бұл елдегі билік басындағы коммунистік партияның орны мен рөлі конституциямен бекітілгендіктен басқа саяси күштер қоғам өмірінде елеулі рөл ойнай алмайды. Қазіргі күндегі беделді саясаттанушылардың бірі болып саналатын А. Пшеворский «демократия — партиялар сайлауларда жеңіліске ұшырап отыратын жүйе» деп жазды. Шынайы демократия жағдайындағы саяси күресте уақытша жеңіске жетушіл ер мен жеңіл іс табатындар болуы мүмкін. Ал Партиялардың сайлауларда жеңіске жетуі жүйенің демократиялық екендігін білдірмейді: мәселен кешегі күнге дейін социалистік Албанияда халықтық партия үлкен жеңістерге қол жеткізіп келді. А.Пшеворский осы орайда, сайлаулар кезінде жеңіліс табу әлеуметтік мін немесе қылмыс болып табылмайтын жағдайда ғана демократиялық принциптер берік орнығады деп көрсетеді. Партиялардың саны партиялардың қызметтерінің мәні мен олардың рөлдерін үнемі айқындай алмайтындықтан, партиялық жүйелерді көп жағдайда саяси режимге байланысты демократиялық, авторитарлық және тоталитарлық деп бөліп қарастырады. Қоғамдық-саяси қозғалыстар. Қоғам өмірінде партиялардан басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар да маңызды рөлге ие. Біздің елімізде өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғында алғашқы қоғамдық қозғалыстар пайда бола бастады. Олардың қатарында ең танымалдары ретінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Лад» славян қозғалысы тәрізді үйымдарды көрсетуге болады. Қозғалыстардың пайда болуы — саяси және қоғамдық плюрализмнің (көзқарастар мен пікірлердің саналуандылығы) дамуындағы бастапқы қадам. Саяси партиялардың көбінесе қозғалыс негізінде қалыптасатыны да осыдан болса керек. Қоғамдық қозғалыс — ортақ мақсаттарды іске асыру үшін құрылған азаматтардың бұқаралық бірлестігі болып табылады. Осы орайда, барлығымыз үшін экологиялық, ұлттық, әйелдер, жастар және тағы басқа да қозғалыстар жақсы таныс. Ғылымда қоғамдық қозғалыстарға қатысты бірнеше тәсілдер бар. Әдетте, қоғамдық ұйым ұғымы мақсаттары мен міндеттері мен сол бағытта өткізетін бұқаралық шаралары тұрғысынан бір-біріне жақын келетін барлық ұйымдар мен одақтардың жиынтығын білдіреді. Мұндай түсінікте, мәселен, жұмысшы қозғалысы ұғымымен жұмысшылардың мүдделерін білдіретін барлық партиялар, ұйымдар мен кәсіподақтармен қатар олардың мүдделерін қорғауға бағытталған ереуілдер мен шерулерді айтуға болады. Әйелдер қозғалысы саясатта, экономикада және отбасында әйелдерді кемсіту мен шеттетуді жоюды мақсат ететін нәзік жандардың көптеген өкілдерін біріктіреді. Жастар ұйымдары, өз кезегінде, жастардың білім алу, денсаулық сақтау, демалу құқығын, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етудегі кең кепілдіктерді қолдайды. Қазіргі күндегі заманауи қоғам өмірінде әртүрлі экологиялық ұйымдар белсенді рөл атқарады. Олар қатерлі өндіріс орындарын жабу, экологиялық бағдарламаларды қабылдау мен орындау тәрізді мақсаттар үшін күрес жүргізеді. Қозғалыс түсінігінің тағы бір мағынасы — көптеген қозғалыстар ұйым түрінде құрылады. Бұл жағдайда қоғамдық қозғалыстар деп өз мақсаттарына қол жеткізу үшін күрес жүргізетін нақты қоғамдық ұйымдарды айтады. Мұндай қозғалыстар мемлекеттік органдарда тіркеледі, саяси күрес жүргізеді, тұрғындарды өз қатарына саяси партиялар тәрізді тартады. Қозғалыстардың саяси партиялардан негізгі ерекшелігі: — Бұқаралық сипат. Қозғалыстар құрамы тым әртүрлі және көптеген таптар мен әлеуметтік топтарды қамтуы мүмкін. — Нақты ұйымдасу құрылымының жоқтығы. Қозғалыстарда нақты белгіленетін мүшелік болмайды. Олардың құрамына жеке азаматтар да, сонымен қатар ұйымдар да кіре алады. — Бір немесе бірнеше мақсаттар төңірегіне бірігу. Қозғалыстар өз мүшелерінен барлық мәселелер бойынша идеологиялық жақындықты талап етпейді. Әдетте, азаматтарды нақты мақсат біріктіреді, ал ол мақсатқа қол жеткізу сол қозғалыстың ыдырауына немесе оның жаңа ұрандармен қайта қүрылуына алып келуі мүмкін. Мәселен, 80 жылдардың аяқ кезінде ұлттық тәуелсіздік идеясы бұрынғы КСРО республикаларының көптеген азаматтарын біріктірді. Осының негізінде Латвия, Эстония, Грузия, Әзірбайжан, Белоруссия, Молдавия елдерінде халық фронттары, ал Украинада «Рух», Литвада «Саодис», Арменияда армяндық жалпыұлттық қозғалыстар пайда болды. КСРО қүрамындағы республикалардың осыдан кейін көп өтпей-ақ өз тәуелсіздіктеріне қол жеткізуі, өз кезегінде, сол идея негізінде құрылған саяси партиялар мен басқа да ұйымдардың ыдырауларына алып келді. Ал, өздерін сақтап қалған қозғалыстар өз мақсаттары мен міндеттерін өзгерте отырып өздерінің бұрынғы бұқаралық сипатынан айырылды. Оларды тіпті жаңа ұйымдар деп те айтуға болады. Жоғарыда аталған барлық нақты ұйымдар («Невада-Семей», «Азат» және т.б.), өздерін тек осы мағынада қозғалыстар деп атайды. Олардың партиялардан ерекшелігі — олар парламенттік орындар үшін және үкіметті жасақтау құқығы үшін күресуді өздерінің алға қойған мақсаттарына қол жеткізудегі басты әдісі деп санамайды. Сондықтан, олар бұқаралық шаралар ұйымдастыру жолымен мемлекетке, жергілікті билік органдарына ықпал етеді, олардың қандай партияларға жататындығына қарамастан депутаттарды өз жағына тартып жұмыстар жүргізеді. Солай болса да, бірқатар қозғалыстар сайлау кампанияларына қатысады және онда біршама жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Мұндай ұйымдардың көпшілігі өздерінің саясатқа араласпайтындықтарын жариялай отырып, өздеріне жақын партиялар мен одақтарға қолдау білдіру жолымен саяси күреске жанама түрде қатысады. Қазіргі күнде Қазақстанның саяси өмірінде әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар — партиялар, кәсіподақтар, әйелдер, жастар, діни ұйымдары, клубтар, одақтар, ассоциациялар, құқық қорғаумен айналысатын бірлестіктер және тағы басқа да көптеген ұйымдар әрекет етеді.
Jsk ақпарат орталығы