• 23 декабря, 2024 10:55 дп

Партия дегеніміз не? Оның қоғамға әкелер пайдасы қандай?

Автор:admin

Авг 19, 2023

Бұл сұрақтардың жауабын қазіргі заманда кез келген қазақстандық біле бермейтіні жасырын емес. Есесіне, КСРО-дағы партиялық жүйе, тоталитарлық тәртіпті сол заманда тәрбиеленген әрбір аға буын бес саусағындай біледі. Ендеше, қазіргі Қазақстанның партиялық жүйесінің құрылу барысын біле жүріңіз. Ең алдымен, партиялық жүйе деген не, соған тоқталайық. Партиялық жүйе – азаматтармен, мемлекетпен, өзара және басқа саяси институттармен әрекеттесуші әрі осы қоғамда қандай да бір деңгейде саяси-билік қатынастарына араласушы партиялардың жиынтығы, қоғамның саяси жүйесінің кұрамдас бөлігі. Ол партиялардың ресми санымен емес, олардың қаншалықты дәрежеде саяси биліктің қызмет етуі және құрылуы тетігіндегі шынайы атқаратын рөліне байланысты анықталады. Әдетте, қоғамдағы экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік-таптық күштердің арақатынасы, қоғамдық қатынастардың пісіп-жетілу дәрежесі, халықтың этникалық құрамы, тарихи және діни дәстүрлер және т.б. себептер партиялық жүйенің құрылуына әсер етеді. Тарихқа белгілі алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грецияда пайда болды. Олар – мүшелері аз, тұрақтылығы шамалы, жөнді ұйымдаспаған шағын топтар болатын. Олар, негізінен, құл иеленушілер мен құлдардың арасындағы келісімді реттеу үшін құрылды. Мұндай партиялар феодалдық қоғамда да болады. Бірақ шексіз әкімшілік билеген дәуірде олардың айтарлықтай маңызы болмады. Еңбекші топтар болса экономикалық бытыраңқылық пен рухани езгінің астында еді. Сондықтан олардың саяси партиялар құруға мүмкіндіктері де, зауқы да жоқ болатын. Олардың мүддесін ара-тұра билеуші топтың алдыңғы қатарлы мүшелері қорғады. Қазіргі біздің түсінігіміздегідей саяси партиялар Еуропада XIX ғасырдың екінші жартысында пайда бола бастады. Бұған сол кезде болған буржуазиялық революциялар тікелей ықпал етті. Мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу түрі және жүзеге асырылу жолында парламенттер мен парламентаризм дүниеге келді. Жалпыға бірдей сайлау құқығының енгізілуі бұқара халықтың саясатқа қатысу аясын одан әрі кеңейте түсті. Жұмысшы тобының ұйымшылдығы күшейді. Олар парламентте өз мүдделерін қорғайтын көпшілік партиялар да құра бастады. Саясатқа көптеген адамдар қосылып, әлеуметтік қайшылықтар шиеленісе түсті. Осыған байланысты саяси партиялардың рөлі одан әрі өсті. Осылайша, олар саясаттың негізгі субъектісіне айналды. Партиялық жүйенің бірпартиялық, екіпартиялық және көппартиялық деп аталатын түрлері бар және мұндай жіктеу кезінде тек тіркеліп қана қойған партиялар есепке алынбайды, олардың қатарына елдің саяси өміріне шынайы араласатын партиялар жатады. Бірпартиялық жүйе билік үшін күресте шынайы бәсекелестіктің болмауымен және жалғыз партияның үстемдігімен сипатталады. Таза күйінде бірпартиялық жүйе тоталитарлық саяси режим орнаған елдерде (бұрынғы КСРО-дағы Коммунистік партия, Германиядағы Ұлттық-социалистік неміс жұмысшы партиясы, КХДР-дағы Еңбек партиясы және т.б.) кездеседі. Мұндай елдерде билеуші партия мемлекет пен қоғамға жаппай бақылау орнатып, оппозицияны жояды және өзге партиялардың өмір сүруіне тиым салады. Екіпартиялық жүйеде бүкіл тіркелген партиялар ішінен тек екі ғана партия сайлаушылардың дауысына шынайы таласып, билік басында бірін-бірі алмастырып отырады. Классикалық екіпартиялық жүйеге АҚШ-тағы (республикандықтар мен демократтар) және Ұлыбританиядағы (лейбористер мен консерваторлар) партиялық жүйелер жатады. Сайлауда жеңіске жеткен партия елдің саяси бағытын өз қалауына сай анықтайды. Ал жеңілген партия автоматты түрде оппозицияға айналып, билеуші партияның жұмысын бақылап отырады. Көппартиялық жүйеде бірнеше партия парламенттік коалиция құрып, шынайы бәсекеде елде билік жүргізу құқығына таласады. Итальяндық саясаттанушы Дж. Сартори көппартиялықтың: шектелген плюрализм жүйесі (Бельгия, Нидерланд), шектен шыққан плюрализм (Италия) және плюрализмнің атомдалған жүйесі (Малайзия) cияқты негізгі түрлерін ерекшеледі. Cаяси жүйеде 20-дан астам партиялардың болуымен сипатталатын соңғы түрге Шығыс Еуропадағы, сондай-ақ Ресейдегі, Украинадағы посттоталитарлық партиялық жүйелерді де жатқызуға болады. Бұл елдерде ұзақ уақыт тоталитарлық бірпартиялық жүйе болғандықтан, партиялық құрылыстың белсенді үдерісі жүруде. Саяси жүйедегі көп партиялардың болуы, көп жағдайда, сол елдегі партиялық жүйенің енді ғана қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Қазақстандағы партиялық жүйені де осылай сипаттауға болады. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін көппартиялықтың қалыптасуының шынайы кезеңі басталды. 1991 жылдан бастап саяси қоғамдық бірлестіктердің қызметі «Қазақ КСР-дегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңмен реттеле бастады. Заңға сәйкес, 1991 жылдың 30 желтоқсанына дейін республика аумағында қызмет ететін барлық қоғамдық бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуі талап етілді. Партия мен қоғамдық қозғалыстардың дамуы мен жұмыс істеу ережесі бүгінде 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, сонымен бірге ҚР «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңымен (1996 ж.) және «Саяси партиялар туралы» Заңымен (2002 ж.) реттеледі. Соңғы заң саяси партияларды құрудың құқықтық негiздерiн, олардың құқықтары мен мiндеттерiн, қызметiнiң кепiлдiктерiн белгiлейдi, саяси партиялардың мемлекеттiк органдармен және басқа ұйымдармен қатынастарын реттейдi. Онда «саяси партияға» мынадай анықтама берілген: «Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады». Заңға сәйкес, Саяси партияның халық атынан билiк жүргiзуге құқығы жоқ. Саяси партиялар заң алдында бiрдей. Қазақстан Республикасының азаматтарына көзқарастары мен ұстанымдарына қарай түрлі саяси партияларға топтасу еркіндігі берілген. Бірақ бір адам тек бір партиға ғана мүше бола алады. Саяси партияға мүше болу Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негiз бола алмайды. Яғни, әркiм өзiнiң қандай партияға жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң саяси партияларының қызметiне заңмен тыйым салынған. Ал саяси партиялар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы органдары Қазақстан Республикасының аумағында болуға тиiс. Сондай-ақ, Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin