Шымкентте құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында кіші футболдан жарыс өтті. Спорттық іс-шара Қазақстан Республикасының Конституция күніне орайластырылған. Сайысқа құқық қорғаушылар мен мемлекеттік қызметкерлерден құрылған 8 команда қатысты. Жарыс мегаполистің Қажымұқан атындағы орталық стадионында өтті. Ойынға қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, жүлделі орынға таласты. Жарыс нәтижесінде өзгелерден оқ бойы озып шыққан қалалық полиция департаментінің құрамасы спортта шымыр екендіктерін дәлелдеп 1-орынды иеленді. Экономикалық тергеу департаментінің командасы 2-орынға жайғасты. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері үздіктердің көшін тәмамдап, 3-орынға ие болды. Бұдан бөлек, ойын қатысушыларына «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» номинациялары берілді. Жеңімпаздарға арнайы кубок пен дипломдар табысталды. Сонымен қатар, Шымкент қаласы полиция департаменті бастығы Думан Таев жарыстан жеңіспен оралған тәртіп сақшыларын алғыс хаттармен марапаттады. Құқық қорғау органдарына қызметке алыну үшін азаматтарға қандай талап қойылатыны арнайы нормада жазылған. Жасы он сегiзге толған, отыз бес жастан аспаған, өзiнiң жеке моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлетi, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған, резервті даярлау жөніндегі әскери дайындықтан өткен азаматтар қабылданады. Бұған қоса заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде өздерін ұсына алады. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты кемінде орта білімi бар азаматтар, орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіптік, жоғары білімi бар азаматтар алынады.
Jsk ақпараттық агенттігі