• 26 ноября, 2024 10:38 дп

Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. (сұхбат)

Автор:admin

Апр 2, 2024

Шымкентіміз ең «ақылды» инновациялық технологиялармен жабдықталған. Шаһардың әр бұрышы мен қуысында – соңғы үлгідегі бейнекамералар. Полиция мен әскери қызметкерлерді тек әуежайдан және мемлекеттік мекемелерден ғана көресің. Заң – өте қатал. Айыппұлдың бағасы да өте жоғары. Содан болар, ешкім артық қадамға барғысы келмейді. Бұл заңды сырттан келгендердің өзі қатаң сақтайды. Сондықтан, полиция қызметіне әскерден кейін орналаса беретін мамандық ретіндегі жүйеден арылту керек. Полиция болу ғарышкер болудың деңгейімен бірдей қол жетпес мамандыққа айналғаны дұрыс. Физикалық және адами тұрғыда мықтылық, білім, кез келген заңды жете меңгеруі қатаң талап етілмей, тың серпіліс болмас. Полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болу тиіс. Сондықтан, құқық қорғау органдарының кейбір бөлімшелерін оңтайландыру шарасы күтіп тұр. Осы орайда функционалды талдау жасаумен, шетелдік тәжірибені отандық жүйемен салыстыру арқылы нақты қадамдар жасап, полиция қызметкерлерінің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты дұрыс шешімдер қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Яғни, саннан сапаға көшу міндеті тұр.  Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі жол-патрульдік полиция инспекторы Арман Ермекұлы. – Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасаймыз. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтамыз. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны жол инспекторы асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтамыз. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс, – дейді Арман Ермекұлы. Жасыратыны жоқ. Кейбіреуіміз «Шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жау- дырамыз. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin