• 24 ноября, 2024 11:10 пп

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЕЛДІК ПЕН МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ НЫҒАЙТУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС

Автор:admin

Май 11, 2023

 

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің нақты даму бағыты, алда атқарылар мақсат-міндеттері айқындалып, сараланды.

Президент өз сөзінде мемлекеттік басқару жүйесінен бастап әр саладағы жаңғыру жұмыстарын атап өтті. Соның бірі – ел ішінде төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге арналды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс» деді.

Журналист – қоғамның айнасы. Билік пен бұқара арасындағы алтынкөпір. Ендеше, маңызды һәм жауапкершілігі мол кәсіпте адалдық болуы керек.

Қалта қамын ел қамынан жоғары қою, жеке мүддені халық мүддесінен асыру – кәсібилікке сай емес. Шерхан Мұртаза айтатыныдай, арқалаған алтыны мен жейтін жантағы – көптің жүгі, аманаты, мұң-мұқтажы. Соған адал болу қажет. Бұл турасында Президент өз Жолдауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды» деп анықтап айтты. Демек, халық алдандағы жауапкершілік – бәрінен биік.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Масс-медиа туралы» заң жобасымен таныстырды.

«Бүгінде біздің министрліктің бастамасымен 3 заң жобасы дайындалып жатыр. Соның бірі – «Масс-медиа туралы» заң жобасы. Бұл құжатта негізінен журналистің мәртебесі көтеріледі. Оның қалам ұстаған жандардың қызметін шектеу емес, реттеуге арналғанын баса айтқымыз келеді. Екіншісі – «Интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы» заң жобасы. Бұл жоба шеңберінде интернет қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Шетелдік платформалардың қызметі ел заңнамасына сәйкес реттелмек. Сондай-ақ блогерлер қызметін бір жүйеге келтіру көзделіп отыр. Үшінші – «Ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі заң жобасы» әзірленіп, жақында бұл жобаларды Парламент қарауына ұсынамыз, – деді министр.

Аталған заң жобасы бүгінде Парламентке ұсынылып, қаралып жатыр. Заңнама БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының жауапкершілігін арттырып, журналистердің мәртебесін асыруға бағытталған.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында қазіргі таңда жұмыс жүргізіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының саны — 71. Оның ішінде 48-і баспа БАҚ, 3-і журнал, 6-телеарна, 1-радио мен 13 интернет сайт бар. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізумен қатар, ауыл-аймақтағы түйіткілді мәселелерді анық та айқын көрсетіп те, жарияланып жатыр. БАҚ пен журналистің еркіндігіне шектеу жоқ. Өкінішісі, кейде кей әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар шектен шығып, өзгенің жеке басына қол сұғып, қоқан-лоққы көрсетіп, елді арандатып, бопсалаумен шұғылданып кететіні бар. Шындықты айту осы екен, жеке парақшам не салсам да өзім білемдікке салудың зардабы аз емес. Таратқан ақпарат жалған болса, заң қатал. Сондықтан жауапкершілік керек.

Сондықтан Президент Жолдауда: «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын» деді.

Ел мен билікті байланыстырар жауапты кәсіп иелері журналистер мен блогерлер, әлеуметтік желі белсенділері халықтың үдесінен шыға білуі қажет. Ол үшін басты мақсат – әр жазбаның артында елдік мүддені көздеу.

Қайрат Зайнишев,
Журналист

Автор: admin