• 21 ноября, 2024 11:53 дп

Пәтер алу мәселесін оңтайлы жолмен қалай шешуге болады?

Автор:admin

Дек 21, 2022

Қазақстанда биыл қыркүйек айына дейінгі есеппен 100 мыңға жуық жұп неке қиыпты. Шаңырақ көтерген бұл отбасылардың дені әдетте баспанаға мұқтаж. Алайдатұрғын үй мәселесімен бетпе-бет келгенде, баламның болашақ баспанасына деп, бір көйлек кем киіп, қаражат жинаған ата-ананың ақшасы болмаса, отау құрғандардың бұл мәселені өздігінен шеше алмайтыны анық. Үйленгендер жас болса, «Алматы жастары», «Елорда жастары», «Алатау жастары» сияқты Отбасы банк пен әкімдіктердің бірлескен бағдарламаларына ілігіп кете алады. Ал отау құрғандардың жасы 35-тен жоғары болса ше? «Жастар» санатынан асқан бұл жұптарға Отбасы банкінде «Жас отбасы» деп аталатын арнайы бағдарлама бар. Оған қатысушыларға жас шамасы бойынша шектеу қойылмайды. Астаналық отбасылардың мысалында аталмыш бағдарламаның шарттарын айтып өтейік.

Еліміздегі әр азаматтың арманы отбасын құру ғана емес, сол отбасына лайықты өмір сүруге жағдай жасау. Өзіне тапсырылған бұл аманатты орындап, жақындарына жайлы қоныс алып бергендердің бірі – астаналық Ислам Нұрмұхаметов.

Осыған дейін отбасымен бірге пәтер жалдап жүрген азамат балалары дүниеге келіп, қатарлары толыға бастағанда, баспаналы болуды ойлап, тұрғын үй алудың әртүрлі жолдарын қарастыра бастаған.

«Өзіміз бен бұрыннан араласып келе жатқан танысымыз ақыл айтты. Осы Отбасы банктен шот ашып, ақша жинай беріңдер, сосын бағдарламаларын салыстырып, өздеріңе сай келетінін таңдап аласыңдар деді. Ақыл айтып қана қоймай, онлайн жүйеде шот ашуға көмектесті. Содан бастап ақша жинай бастадық», — дейді отағасы.

Шот ашылғаннан кейін екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде отбасы қомақты қаржы жинап үлгерген. Осылайша Отбасы банк бөлімшесіне барып, бағдарламалар жайлы кеңес алады. Банк қызметкерлері “Жас отбасы” бағдарламасын ұсынып, Ислам оның шарттарымен танысқаннан кейін үй іздей бастайды.

«Өзімізге ұнаған үйдің бағасы 26 миллион теңге болды. Жарты ақшасын банк беріп, 7 жылға 6%-дық мөлшерлемемен бөліп төлейтін болдық”, – дейді ол.

Астанадан пәтерлі болған жастар Отбасы банк сауатты көмек көрсетті дейді. Құжаттарды рәсімдеу процесі де қиынға соқпағанын айтады.

“Ай сайынғы төлем сол кездегі пәтер жалдауға төлеп жүрген ақшамыз бен бірдей. Бірақ қазір пәтер бағасы көтеріліп кетті, жалдамалы үйде тұрсақ екі есе көп төлер едік. Оның өзі біреудің қалтасына кетер еді.Ал қазір тапқанымызды өз үйімізге аударып жатырмыз, соны ойласаң ішің жылиды. Қарыздан ертерек құтылуды көздеп отырмыз, үстемақыны азайту үшін ипотеканы 7 жылға ғана рәсімдедік. Бұйыртса оны да еңсереміз», — дейді отағасы.

Айта кету керек, “Жас отбасы” бағдарламасы 2020 жылыбастауалған. Өзге бағдарламалардағыдай мұнда жұбайлардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды.

Бағдарлама арқылы жаңа пәтер немесе жер үй алуға болады. Сондай-ақ, қолданыстағы үйден пәтер немесе жерде сатып ала аласыз.

Елордада баспаналы болу бақытын сезінгендердің тағы бірі – Айдос Көбеген. Ол бұл бағдарлама туралы банк бөлімшесінде білген.

Айдос Көбеген отбасымен, жеке архивтен

Жылдар бойы Астана маңындағы ауылдардың бірінде тұрып келген Айдос қаланың орталығынан баспана алсам деген мақсатын орындаған.

«Өзіміз ауылда тұрамыз. Бірақ Астанадан үй алсақ деген арманымыз болатын. Отбасы банкіне келіп, шарттарын сұрастырдық. Өзіме ұнағаны — бастапқы жарнаны 3 жыл емес, бір жыл ішінде жинап, келер жылы үй алуға болатын. Бір жыл тапжылмай еңбек етіп, өзіміз қалаған пәтердің жарты ақшасын жинадық», — дейді ол.

Айдос шот ашқаннан кейін бір жылдан соң, үй алуға жеткілікті ақшаның жартысын жинап болып, банкке қайта оралған. Банк Айдос пен оның жарының төлем қабілеттілігін тексеріп, «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуға келісімшарт әзірлеп берген.

«Банктен келісім алып, құжаттарға қол қою оңайболды. Ал өзімізге ұнайтын пәтерді табу қиынға түсті. Лайықты баспананы тапқаннан кейін банк біздің сатып алуға жетпей тұрған ақшамызды беріп, үйді ипотекаға рәсімдедік. Бастапқыда 6%-дан төлейміз. Кейін пайыз мөлшерлемесі 5% дейін төмендейді екен. Бастысы енді елордада өз баспанамыз бар», — дейді қуанышын жасыраалмаған Айдос.

“Жас отбасы” бағдарламасымен тұрғын үй алудың бірінші шарты, азаматтардың некелескендеріне 5 жылдан артық уақыт болмау керек. Бір жыл ішінде немесе одан көп уақытта қажетті соманың тең жартысын жинап үлгеруі қажет. Қалған 50%-ын банктен алып, ипотеканы 9жылға дейін бөліп төлеуге болады. Жас отбасыларға 100 миллион теңгеге дейін заем беріледі.

Айта кету керек, бүгінгі күні Отбасы банкінде «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 3 миллиард теңгеге 10 700-ден астам депозит бар.

Автор: admin