• 3 августа, 2025 11:33 дп

Сайлауды әділ өткізу арқылы – халықтың сенімділігі артады

Автор:admin

Июл 12, 2025

Қазақстанда сайлауды өткізудің жаңа тәртібіне сәйкес мәслихат депутаттары мен әкімдікке, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарға да қатысты болды. Елімізде сайлау өткізу тәртібіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Оның ең маңыздыларының бірі – сайлауға түсуден шеттетілетіндер қатарына ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар жатқызылады. Бұл ретте олардың кінәсі сот арқылы дәлелденген болуы тиіс. Өзгертулер жобасы Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылау үшін жарияланды.  Жаңа нұсқаға сәйкес, енді:  сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ ауыр, аса ауыр қылмыс жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттығына, әкім болуға кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат бола алмайды. Құжат жобасының түсіндірмесінде бұл өзгерістер ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны (қасақана кісі өлтіру, террористік акт жасауға қатысу және тағы басқа) үшін кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сот арқылы дәлелденген үміткерлерді тіркеу мәселелерін реттеу үшін енгізілгені жазылған. аясаттанушы Ерлан Саировтың пайымдауынша, сайлаудың әділ, объективті және заңды түрде өтуі тек билікке байланысты емес. Оған халық та тікелей әсер ете алады. Саясаттанушы, егер халық тегеурінді болса, азаматтар өз құқықтарын білсе және ең негізгісі – әрбір адам өзінің саяси капитал екенін ұғынса, онда саяси жүйе сайлауды әділ өткізе алмайтын еді дейді. Сондықтан, ол сайлаудың әділ өтуі үшін ең алдымен халықтың саяси мәдениетін көтеру қажет дегенді алға тартты. «Барлығымыз әрбір сайлаудың әділ және заңды түрде өткенін қалаймыз. Менің ойымша, қазіргі таңда саяси жүйе эволюциялық түрде өзгеріп келе жатыр. Оған әртүрлі объективті және субъективті факторлар бар. Саяси жүйені эволюциялық түрде өзгерту мен саяси реваншизм екеуі екі бөлек нәрсе. Бүгінгі халықаралық турбулентті жағдайда біздің елімізге саяси реваншизмнің қажеті жоқ. Ол тұйыққа апарып тірейді. Ал саяси реформа – халықтың саяси мәдениетін көтеруден басталады. Бізде қазір 12 миллионнан астам сайлаушы бар, солардың барлығы өзінің құқығын пайдалануға үйренген кезде біздің елімізде демократия болады. Демократияға ешқандай альтернатива жоқ, ол рас», – дейді Ерлан Саиров. HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның пікірінше, қазақстандықтар сайлауға мүлдем сенбейді. Сондықтан, халық саяси науқандарға немқұрайды қарайды. Дауыс беретін лайықты партия жоқ болғандықтан, азаматтар сайлау учаскесінде тіпті төбе көрсетпейді. Қоғам белсендісі Жарылқап Қалыбай да бұл пікірді құптады. Оның ойынша, сайлаудың әділ өтпеуіне халықты кінәлауға болмайды. «Қазақстандағы заңның барлығы бір кісінің билігіне бағынған заңдар. Біз соған өзіміз мүмкіндік бердік. Биліктің идеологтарының «Сайлаудың әділ өтпеуіне халықтың өзі де кінәлі» деген әбден жаттанды пікірі бар. Олар сөйтіп барлық жауапкершілікті халыққа итеріп салады. Халық деген кім? Жеке-жеке азаматтар. Олардың қолынан ештеңе келмейді. Бір адамды бір рет сайлап алдық та, қайтіп орнынан түсіре алмай жүрміз», – деді Жарылқап Қалыбай. Сайлау қаншама жылдан бері келе жатқан механизм. Сайлаудан басқа халықтың өз өкілін сайлай алатын басқа механизмі жоқ екені мәлім. Айдос Сарымның ойынша, сайлауды дұрыс өткізудің екі жолы бар. Белсенділік және бақылаушылық. «Австралия, Жаңа Зеландия сынды бірқатар елде сайлауға қатыспасаң саған айыппұл салады. Бұлардың барлығы батыстық мемлекеттер ғой. Оларда саяси додаға қатысу мәдениеті қалыптасқан. Екінші мәселе, бақылаушылық. Бізге бақылаушының көп болғаны және оның қаладан асып, ауылға жеткені керек», – деді саясаттанушы. HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның пікірінше, Қазақстанда әділ сайлау өткізуге болады. Егер дауыс санау процесіне тек партия өкілдері ғана емес, тәуелсіз бақылаушылар да қатысса. «Әділ сайлау үшін учаскелерге тек қана партия өкілдерін ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз бақылаушыларды да кіргізу керек. Олар дауысты санау процесінің барлығын қадағалағаны жөн. ОСК-да дауыстарды санағанда оларға да тәуелсіз бақылаушыларды кіргізу керек», – деді Тоғжан Қожалиева.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin