• 16 июня, 2025 10:11 пп

Сайлау – кез келген демократиялық мемлекеттің маңызды саяси институттарының бірі.

Автор:admin

Июн 7, 2025

Қазақстанда сайлау Конституцияға, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес, ел азаматтары мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға құқылы. Бұл құқықтар «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңымен реттеледі.

– Әлем елдерінің тәжірибесіндегі аралас сайлау жүйесі бойынша өткізілетін саяси науқанды алып қарасақ, қатысушы кандидаттар саны айтарлықтай көп екенін көреміз. Елде өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауына партиялық тізім және бір мандатты округтар бойынша 700-ден астам кандидат додаға түспек. Үміткерлердің көптігі халықтың таңдау жасауына қалай әсер етеді?

Әлішер ТАСТЕНОВ,

ҚСЗИ бас сарапшысы:

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру. Оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетіліп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің төменгі мөлшері 600-ден 200 адамға дейін қысқарды. Бұл ретте партиялардың Парламент Мәжілісіне өтуіне шектеу 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті. Сонымен қатар бұл партияның дамуын белсендіріп, жаңа партиялардың құрылуына ықпал етті. Биылғы сайлау науқанына 7 саяси партия қатысып жатыр. Олардың арасында жақында құрылған 2 жаңа партия бар. Жаңа партиялардың құрылуы қоғамның барлық әлеуметтік қажет­тілігін қанағаттандыру мүм­кіндіктерін кеңейтеді. Өткен Парламент сайлауы­на 5 партия қатысқаны белгілі. Бұл партиялық бәсекелестікті арттырып, сайлау алдындағы дауыс үшін күресті күшейтеді. Бұған өзін өзі ұсынған кандидаттардың сайлауға қатысуы да ықпал етеді.

Партиялық тізімге сәйкес пропорционалды жүйе бойынша 69 депутат, ал 29 депутат бір мандатты округ бойынша сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарының сайлауы да аралас сайлау жүйесі бойынша 50/50 қатынасымен өтеді.

Мәжіліс сайлауында партиялық тізім бойынша барлығы 281 кандидат тіркелді. Бір мандатты 29 округ бойынша Мәжіліс депутаттығына 435 кандидат (орта есеппен бір мандатқа 15 кандидат) тіркелген. Кандидаттардың мұндай көп болуы сайлау үдерісіне, тиісінше, әділ сайлауға деген сенімнің артуына байланысты болып отыр.

– Елде жүріп жатқан ірі реформалар алдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауының тәртіптері мен өту үдерісіне өзгеріс әкелгенін айтады сарапшылар. Осыған қарап сайлауда бәсекелестік жоғары болады деуге бола ма?

 

Ермек ТОҚТАРОВ,

ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:

– 2021 жылы парламенттік сайлау карантин жағдайында өтті. Бірақ бұл сайлау конституциялық мерзімде өтті. Алдағы сайлау саяси жүйенің жаңа ережелер бойынша мүмкіндігінше шұғыл жүзеге асыру үшін мерзімінен бұрын болады. Саяси реформалар сайлау өтетін жағдайларды айтарлықтай өзгертті. Мысалы, саяси партиялар Мәжіліске өту үшін сайлаушылардың 5 пайыз дауыстарын жинау керек. Бұл партияларға жеңілдік болып көрінеді. Бірақ жаңа партиялар пайда болды, ал кейбір партиялар ребрендингтен өтіп, оларға жаңа көшбасшылар келді. Бұл сайлаудың ең маңызды ерекшелігі – мажоритарлық жүйе бойынша депутаттардың бір бөлігін сайлау. Олар тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ өзін өзі ұсынып, сайлауға шыға алады. Мұндай жүйе бұрын болған, бірақ 2021 жылғы сайлауда барлық мәслихат партиялық тізімдер бойынша құрылды. Негізінде біз аралас сайлау жүйесіне қайта оралдық. Сайлауда өзін өзі ұсынған кандидаттарға дауыс беру халықтың саяси үдерістерге тікелей араласуына, олардың маңызды шешімдер қабылдауда өзіндік үн қосуына ықпал етпек. Яғни бір мандатты округтер бо­йынша сайланған депутат азаматтардың мүддесін мінберде көтеруге мүмкіндік алады. Өзін өзі ұсынған үміткерлер депутат болып сайланған жағдайда қоғамдық саясаттың маңызды қатысушылары болады. Олар округтен келген өз сайлау­шы­ларының мүдделерін қорғауға мін­детті. Бұл депутаттар азаматтар жа­ғы­­нан мұқият қадағаланады, өйткені олар­дың мандатын қайтаруға мүмкіндік бар. Жергілікті тұрғындар үшін бұл өз мүдделерін Мәжіліс деңгейінде де, мәс­лихаттар деңгейінде де қорғауға үлкен мүмкіндік. Мұндай жағдай азаматтарды қызықтырады және олардың саяси қатысуының тиімділігін арттырады деп сенемін.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin