• 16 июня, 2025 5:46 пп

Сайлау процесін ұйымдастыру мен өткізу тәртібі

Автор:admin

Июн 3, 2025

Мақалада Қазақстандағы сайлау процесін ұйымдастыру мен өткізу барысында азаматтардың жалпыға бірдей сайлау құқығын жүзеге асыруының тәжірибелік мәселелері қарастырылған. Түркістан облысында сайлауды өткізу мен оны ұйымдастыру процесі барлық заңды талаптарға с әйкес келетінін айтқымыз келеді. Бұл мақаланың басты мақсаты сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде азаматтардың жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығын жүзеге асыруында кездесетін тәжірибелік мәселелерді талдау және мұндай мәселелердің алдын-алу мақсатында ұсыныстар жасау болып табылады. Сайлау жұмысын жүргізуде сайлау заңнамасы мен оны сайлау учаскелерінде іске асырудың тәжірибесін қарастыру талдау әдісі арқылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ, сайлау заңнамасының тәжірибесін зерттеуде байқау әдісі пайдаланылса, нәтижелері синтез әдісімен біріктірілді. Нәтижеде сайлау заңнамасында қарастырылған жалпыға бірдей сайлау құқығы, тең сайлау құқығы сияқты әмбебап қағидаттардың учаскелік сайлау комиссияларының жұмысының бастауы болып табылатын жариялылық, алқалылық, ашықтық қағидаттарымен астаса жұмыс жасамайтыны байқалды. Және де осыған байланысты талқылаулардың нәтижелері ұсынылып, жергілікті атқарушы органдардың, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын жетілдіруге қатысты тәжірибелік және заңнамалық ұсыныстар жасалды. Зерттеу нәтижелерін азаматтың жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығын мейлінше қамтамасыз ету мақсатында сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді жетілдіруде Орталық сайлау комиссиясының, жергілікті атқарушы органдар мен учаскелік сайлау комиссияларының қызметінде пайдалануға ұсынылады. Мақалада қарастырылған материалдар негізінде азаматтардың жалпыға бірдей сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында сайлауды ұйымдастыру мен өткізу процесінің тәжірибесіне көбірек мән берілуі тиіс деген қорытындыға келдік. Себебі, теориялық тұрғыда сайлауды өткізудегі барлық құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктері қамтылған деп көрсетілгенімен де, оны іске асырудың тәжірибесі әр өңірде, әрбір сайлау учаскесінде әртүрлі болып келетіні анықталды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылардың тізімін қалыптастыру жұмыстарын жетілдірудің негіздері анықталды. ҚР Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауда азаматтардың жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығын шектемеу мақсатында олардың тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болу не болмауының маңыздылығы қарастырылды. Елімізде өтетін Қазақстан Республикасы Президенті немесе Парламенті Мәжілісінің депутаттарын, сондай-ақ жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау саясаткерлерді ғана емес, сонымен бірге мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық үшін қызықтыратыны белгілі. Қазіргі уақытта елімізде ҚР Конституциясы негізінде қазақстандық қоғамның қажеттіліктері мен ерекшеліктерін, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен қағидаттардың ережелері мен талаптарын ескеретін тиімді әрекет ететін сайлау заңнамасы қалыптасты деп есептейтін авторлар да жоқ емес. Шындығында заңнамалық тұрғыда сайлау процесі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жетілген және қажетті тұстары толыққан. Алайда, тәжірибеде оны іске асыруда кемшіліктері бар екені көрініп жатады және де мұндай заңнамалық-процедуралық кемшін тұстарын жетілдірудің жыл өткен сайын маңыздылығы артып келеді. Жоғарыда аталған авторлар азаматтардың «сайлау құқықтарын жетілдірудің маңызы мен мәні қоғам мен мемлекет өмірінің өткір мәселелерін шешуде олардың өз еркін білдіруге мүмкіндік беретінімен, сол арқылы мемлекеттік өкілді органдар жүйесін қалыптастырумен»  байланыстырады. Біздің ойымызша, шынайы демократиялық сайлау бұл азаматтардың өз еркін ешкімнің араласуынсыз білдіре алуы арқылы мемлекеттің жоғары және жергілікті билік органдарын қалыптастыруымен көрініс табатын ел халқына ғана тиесілі егемендік құқығының көрінісі. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізу — азаматтардың саяси билік үшін күресін бейбіт жолмен шешу мақсатын көздейді, сол арқылы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық сақталады. Сайлаудың әділ әрі ашық өтуі халықтың мемлекетке, мемлекеттік билік органдарына деген сенімін нығайтып, ол өз кезегінде саяси тұрақтылыққа қол жеткізудің бірден-бір құралы екенін ұғынатын уақыт жетті. Демек, мемлекеттегі саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрақтылық пен бейбіт өмірдің басты негізі сайлау процесін ашық әрі жариялы өткізу десек қателеспейміз.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin