ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.
Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз.
Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Мемлекетімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Жаңа жүйеге біржола көштік. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының Жолдауы сайлау жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды. Оның бастамалары халықтың сенімін нығайтып, саяси мәдениетті дамытуға ықпал етті. Алдағы уақытта бұл реформалар елдегі демократиялық процестерді жетілдіруге әрі халықтың саяси белсенділігін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Осындай тәсілмен Түркістан облысында 2021-2024 жылдар аралығында 188 ауыл әкімі сайланды. Биыл 69 ауыл әкімінің сайлауы жоспарланған. Қалғандары өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Енді сайлау барысы туралы айта кетсек. Дауыс беру процесі: Сайлау барысында дауыс беру тәртібі заңмен реттеледі. Дауыс беру әдістері (құпия немесе ашық, электрондық немесе дәстүрлі) әр елде әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бұл процесс әділ жүргізілуі тиіс. Сайлау комиссиялары: Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін тәуелсіз сайлау комиссияларын құру. Олардың қызметі сайлауды ұйымдастыру мен өткізу, құқық бұзушылықтарды анықтау және шешу болып табылады. Кандидаттардың еркіндігі: Заң бойынша, саяси партиялар мен азаматтар өздерін кандидат ретінде ұсыну құқығына ие. Бұл құқықтың сақталуы бәсекелестікті қамтамасыз етеді және азаматтардың түрлі пікірлерін білдіруге мүмкіндік береді. Азаматтық қоғамның қатысуы: Сайлау процесіне қоғамдық ұйымдардың, байқаушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыса алады. Бұл сайлау бақылаушыларының рөлін арттырады және ашықтықты қамтамасыз етеді. Ақпараттық ашықтық: Сайлау туралы ақпарат азаматтарға қолжетімді болуы тиіс. Сайлау үдерісі, кандидаттар және олардың платформалары туралы ақпаратты жариялау сайлаушылардың дұрыс таңдау жасауына көмектеседі. Қазақстан заңнамасында сайлау заңдылықтарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, дауыс беруге мәжбүрлеу, бір сайлаушының бірнеше рет дауыс беруі, сайлау жәшіктерін заңсыз ашу немесе бюллетеньдерді бұрмалау, дауыс санау кезінде заң бұзушылыққа жол беру – заңсыз әрекет. Мұндай әрекеттер үшін жауапты тұлғаларға айыппұл салынуы немесе қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін. Сайлау заңдылығын жүзеге асыру елдің саяси мәдениетіне, демократиялық дәстүрлерге, құқықтық және әлеуметтік негіздерге тікелей байланысты. Ол саяси институттарды нығайтып қана қоймай, азаматтық қоғамды қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Сайлау заңының тиімділігі мен әділдігі көптеген елдерде өзекті. Саяси партиялардың қаржыландырылуы, сайлау алдындағы науқандар, дауыс беру процесінің ашықтығы секілді мәселелер көпшілік арасында жиі талқыланады. Соңғы кездері технологиялық дамудың арқасында электронды дауыс беру, цифрлық идентификация және онлайн науқандар сияқты жаңа тәсілдер пайда болды. Оның игілігін көретін күн алыс емес. Демократиялық қоғамның негізгі институттарының бірі – сайлау. Ол халықтың еркін таңдау жасауына мүмкіндік беріп, биліктің заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Әділ және ашық сайлау мемлекеттің дамуына оң ықпал етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға көмектеседі. Сондықтан сайлау процесінің заңдылығы, транспаренттілігі және әділдігі – кез келген демократиялық елдің басты қағидаттары болып табылады. Барлықтарыңызды сайлауға белсенді қатысуға шақырамыз.
Jsk ақпараттық агенттігі