• 23 сентября, 2024 7:34 дп

Салық кодексінде – кәсіпкерлер үшін қандай режим қалыптасқан?

Автор:admin

Июл 22, 2024

Қолданыстағы Салық кодексінде бизнестің жекелеген санаттары үшін белгіленетін арнайы салық режимдері (АСР) қарастырылған. Олар шағын бизнес субъектілері мен жеке кәсіпкерлер үшін салықтардың жекелеген түрлерін өте жеңілдетілген түрде есептеуге және төлеуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы Салық кодексінің  жиырмасыншы бөлімі тұтас осыған арналған. Өз кезегінде, тек микро және шағын бизнеске арналған осындай тартымды салық шарттары, бір жағынан, орта және тіпті кейде ірі компаниялар үшін бірнеше заңды тұлғаларға немесе жеке кәсіпкерлерге бөлінуге жасырын ынталандыру ретінде қызмет ете бастады. Бұл бөліну оларға АСР шеңберінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, жұмыс істеп тұрған АСР шағын кәсіпорындарды үлкейтуге және орта бизнес санатына көшуге ынталандырмайды. Нәтижесінде, елімізде орта бизнестің сапалы және елеулі өсуі байқалмайды, бұл бүкіл экономиканың қарқынды дамуы үшін тежеуші фактор болып саналады. Ресми статистика деректері айтылғандарды растайды. 2015-2023 жылдар аралығында жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 46%-ға (1,3 милионнан 1,9 миллионға) дейін өсті.  Ал ЖІӨ-дегі шағын бизнестің үлесі 22%-дан 30%-ға дейін өсті. Ал осы кезеңде орта бизнес субъектілерінің саны тек 0,5%-ға (2897-ден 2910-ға) көбейді. ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесі 4,9%-дан 6,3%-ға дейінгі өсуді ғана көрсетті. Салыстыру үшін, ЭЫДҰ елдерінде орта есеппен ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесі 18%-ды құрайды, ал Түркия, Грекия, Латвия сияқты жекелеген елдерде бұл көрсеткіш 22-26%-ға жетеді. «Жаңа Салық саясатының негізгі қағидаттары әділдік, тұрақтылық және ашықтық болуы тиіс. Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты оңтайлы бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейін және экономиканың басым салаларына нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сапалы дамуға инвестицияларды ынталандыру үшін салықтардың бір түрі шеңберінде экономиканың әртүрлі салалары үшін тікелей (салықтардың әртүрлі мөлшерлемелері) және жанама (салықтық шегерімдер тетігі арқылы) сараланған салық салу тетіктерін енгізу мәселесі пысықталуда. Бұл тәжірибе басқа елдерде кеңінен қолданылады. Мысалы, Франция, Германия, АҚШ, Италия, Ресейде АӨК үшін салық ставкалары жалпыға бірдей салықтан ерекшеленеді. Ұлыбритания, Германия, Исландия және Норвегияда банк секторының субъектілері үшін сараланған ставкалар белгіленген. Ал ЕО-ның бірқатар елінде жоғары технологиялық өнімдер мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерді өндіру үшін төмендетілген ставкалар қолданылады. Сондай-ақ сапалы дамуға инвестицияларды ынталандыру үшін біз «Эстония моделі» деп аталатын пайдаға салық салу тәсілдерін енгізуді ұсынамыз. Бұл компанияларды технологиялық даму мен ҒЗТКЖ-ға қайта инвестицияланған пайдадан КТС-тен босатуды білдіреді. Мысалы, Грузияда бұл тәжірибе ұзақ мерзімді кезеңде салық түсімдерін арттыру түрінде оң нәтиже берді», деді ол шетел тәжірибесінен мысал келтіре отырып. Олжас Төлеуовтың айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың, нарық қатысушыларының, «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен Ұлттық экономика министрлігінің базасында арнайы жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеумен айналысып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Салық кодексінің жобасы осы жылдың соңына дейін ұсынылуы тиіс.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin