• 21 сентября, 2024 11:54 дп

«СТАНДАРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ – МЕМЛЕКЕТ ПЕН БИЗНЕС СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІНДЕ!

Автор:admin

Июл 11, 2023

Елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңа экономикалық саясат «Мемлекет – бизнес – азамат» үштігі арасында өзара жауапкершілікке негізделген әділетті қарым-қатынас орнатуды көздейді. Яғни, мемлекет заң аясында баршаға бірдей мүмкіндіктер берілуін, әділетті бәсекелестік ортаның қалыптасуын қамтамасыз етсе, ұлттық буржуазия қолындағы ірі капиталын өз елімізге, өз еліміздің өнеркәсібі мен инфрақұрылымын дамытуға жұмсап, сапалы жұмыс орындарын ашып, салықтық міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауы шарт.  Бұл жөнінде өткен жылы қаңтар айында отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы ашып айтқан еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал, басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді» деген еді. Шымкент қаласындағы бірқатар ірі инвестор өз мойнындағы осынау жауапкершілікті толықтай сезініп, елдегі үшінші ірі қаланың күрделі мәселелерін шешуге және шаһарды заман талабына лайық етіп көркейтуге бар күш-жігерін салып жатыр. Солардың бірі – «Саутс Ойл» компаниясы. Бұрынғы қорғасын зауытының қалдығы – Шымкенттің қырық жылдық проблемасы. Осынша уақыттан бері экологтар тау-төбе болып үйіліп жатқан күлдің құрамы ауыр металдарға толы екенін айтып зар қағумен келді. Зауыттың өзі әлдеқашан жұмысын тоқтатқанымен, артында кемінде 4,5 миллион тонналық «мұрасы» қалған-ды. Сол қалдық жылдар бойы жел тұрған сайын жан-жаққа таралып, сүйікті қаламыздың ауасы, топырағы мен суын ластап келе жатқан болатын. Зерттеу жұмыстары өндірістік аймаққа жақын орналасқан елді мекендерде топырақтың құрамында 30 пайызға дейін мыс, мырыш пен күміс сияқты ауыр металдардың және қоршаған ортаға зиянды басқа да химиялық элементтердің бар екенін көрсеткен. Ал, ескі зауыттың үнемі жел соғып тұратын жағында топырақтың ластану көрсеткіші 60 пайызға дейін жетеді екен. Міне, осынау күрделі проблеманы біржола шешіп, қалдықтан табыс табуға бағытталған ауқымды жобаны «Саутс Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Нақтырақ айтар болсақ, осы серіктестіктің еншілес ұйымы «Standard Steel KZ» компаниясы бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазартып, ол жерде қалдықтарды қайта өңдеу арқылы түсті металдар консентратын өндіретін зауыт салды.

Jsk ақпарат

Автор: admin