• 26 ноября, 2024 6:54 дп

Сөз болып қалған ойдан сақтасын…

Автор:admin

Апр 4, 2024

Ұлттық Құрылтай туралы пікір айтып, ойын ортаға салғандар кемде-кем шығар. Өз басым осыған дейін еліміздің әр өңірлерінде өткен үш жиынның дұрыс-бұрыстығына баға беруден аулақпын. Құрылтайды, ондағы айтылған ой, ұсыныстарды талқылау бірінің қолынан келеді. Оны орындау, ел мүддесіне жаратып, іске асыру – ең негізгі мақсат-мұратымыз осы ғой.
Жалпы, Құрылтайдың қазақ қоғамындағы рөлі өте күшті ғой. Тәуке хан кезіндегі «Жеті жарғы» заңы бойынша жыл сайын Күлтөбенің басында жиын өтіп отырған. Міне, Құрылтай солай шақырылып отырған. Онда ел мен жер үшін, мемлекет үшін тарихи маңызды мәселелер көтеріліп, келісіп шешілген.
Тәуелсіз елімізде шақырылып жүрген Құрылтайға келсек, алғашқысы Ұлытауда, одан кейін Түркістанда өтті. Үшіншісі еліміздің батысында Сарайшықта шақырылды.
Атырау жерінде Ұлыстың ұлы күні Наурызбен тұспа-тұс келген жиында Мемлекет басшысы халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін, ал елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын атап өтті.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар ашылатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр екен. Еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және ерекше табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы осы жолы да қоғамды жайлаған кеселдермен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды.
Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Құрылтайда айтылған ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынатынын бірнеше рет айтты. Мемлекет басшысы қадап айтқан бұл тұстардың барлығында жемісті тірлік болуы үшін әрбір қазақстандық өз деңгейінде, өз биігінде әрекет етуі керек. Себебі, елде жақсы өзгеріс, жақсы үрдіс қалыптасуы үшін ойымыз бен ісіміз үйлесуі қажет. Баға беру – ең оңай шаруа.

Автор: admin