• 19 сентября, 2024 1:38 дп

ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ – ТҰРАҚТЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ

Автор:admin

Авг 2, 2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті.  Осы орайда, жуырда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман СКЛЯР алдағы жылыту кезеңіне дайындық мәселелері бойынша облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен селекторлық кеңес өткізді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары алдағы жылыту маусымының үздіксіз және қауіпсіз өтуі мақсатында жергілікті атқарушы органдар жоспарлы тәртіппен энергия объектілерін, инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ, әлеуметтік сала мен тұрғын үй қорының объектілерін дайындауы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, селекторлық кеңесте энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлері өздері жетекшілік ететін бағыттар мен өзекті мәселелер бойынша сөз сөйледі. Талқылау қорытындысы бойынша Роман Скляр өңірлердің әкімдеріне алдағы жылыту кезеңінің тұрақты өтуі үшін барлық жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өз кезегінде бейінді министрліктерге энергия кәсіпорындары мен инженерлік инфрақұрылымның күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысын бақылауды күшейту тапсырылды. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, Қазақстандағы 37 жылу-электр орталоығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген.  Бұл саралау станциялар мен мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір ЖЭО-ының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin