• 28 октября, 2025 5:57 пп

Туристерді тартқан Түркістандағы фотокөрме

Автор:admin

Окт 28, 2025

 

Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен туристік аймақта «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында фотокөрме өтті. Экспозицияда полиция қызметінің сан қырын көрсететін фотожұмыстар пен полицейлердің ұл-қыздары өз қолдарымен салған әсерлі балалар шығармашылығы ұсынылды.
Сонымен қатар шара барысында полиция қызметіне берілген жаңа қызметтік автокөліктердің таныстырылымы өтті. Яғни кішкентай тұрғындар қызметтік көлікке отырып көріп, ондағы құрылғылармен еркін танысып шықты.
Жеке құрам мен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары сапқа тұрғызылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденовтің өзі арнайы қатысып, жастармен тілдесіп, тұрғындарға көрменің маңыздылығын жеткізді.
«Бүгін Сіздерге қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жедел іс-шаралар мен халықпен күнделікті қарым-қатынас сәттері бейнеленген көрмені ұсынып отырмыз.
Сіздер мұнда полицияның тек құқық бұзушылықпен күресіп қана қоймай, жастарды тәрбиелеуге және қоғамда сенім орнатуға қосып жатқан үлесін көруге мүмкіндік аласыздар. Көрмені тамашалап, көңіл-күйге бөленіңіздер!»-деп атап өтті облыстың бас полицейі.
Түркістан – туристік аймақ болғандықтан, жергілікті тұрғындармен қатар Түркия, Өзбекстан, Ресей елінен қыдырып келген шетел азаматтары да көрмеге қызығушылық танытып, қарап шықты. Көрме барысында полиция қызметкерлері әр фотосуретті түсіндіріп, оның тарихын баяндады. Ерлік көрсеткен тәртіп сақшыларының оқиғаларын да жеткізіп, олардың батылдығын көрермендерге үлгі ретінде ұсынды.
Ашық форматта өткен фотокөрме қонақтары абыройлы қызметтің шынайы сәттерін тамашалап, полиция қызметкерлерінің жұмысына жақынырақ көз жеткізе алды. Тұрғындар тарапынан көрмеге жоғары баға беріліп, тұрақты өткізу туралы ұсыныстар айтылды.
Ерекше шара өнерпаз тәртіп сақшыларының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнерлі полицейлер мен арнайы форма киген «Жас сақшы» сыныбының оқушылары көрмеге келген жергілікті тұрғындарға жылы эмоция, жүрекке жететін әуендер сыйлады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Автор: admin