Тілді тіл етіп, бар табиғаты мен болмыс-бітімін айқындап тұратын басты заңдылықтарының бірі — дыбыстардың бір-бірімен көрші тұруы, тіркесуі. Қазақ тілінде буын, сөз ішіндегі және сөз бен сөз аралығындағы дыбыстар өзара келісіп, үйлесіп, үндесіп, басқаша айтқанда бір-бірімен қол ұстасып, жарасым тауып, үндестік заңына бағынып тұрады. Бұл заңнан тысқары тұрған дыбыс, буын не сөз болмайды. Ал тілінде үндестік заңы емес, сөз екпіні үстем орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің басты заңдылығына кері әсер етіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі әр сөздің табиғи бояуы дыбыстар тіркесі арқылы, яғни үндестік заңы арқылы танылады. Орыс тілі және осы тіл арқылы дауыстының не бірнеше дауыссыздың сөз ішінде, әсіресе, бір буында қатар келуі қазақ тілінің табиғатына жат тіркесімдер болып табылады. Осындай тіркесі бар сөздер қазақ сөзінің ұлттық бояуына дақ түсірді. Мысалы: поэма,дуэт, какао, соус, оазис, Аида, Раиса, Зоя, сияқты т.б сөздер тіліміздің айтылым табиғатына сай келмей тұр. Кейбір ғалымдар «қазақ тілінде сингармонизм елеулі өзгеріске ұшырады» деген пікір айтып, аралас буынмен жазылған кейбір сөздердің «естілімі әуезді де әсем ырғақты» айтылатынын тілге тиек етеді. Шындығында, аралас буынмен жазылса да, «бидай», «ғибрат», «жиhаз», «жина» т.б. сөздердің орфоэпиясы аралас емес екенін ескеру керек. Тіл білімінде сөздің мағынасын өзгерте алатын, мағынаға қатысты дыбысты «фонема» деп атайды, ал оның сөйлеу барысындағы естілетін әр түрлі реңктері дыбыстың вариант, вариациясы деп аталады. Егер фонеманың реңктерін арнайы әріптермен таңбаласақ, оған таңба да жетпес еді, бұл дұрыс та болмас еді. Бірақ осындай кемшілік біздің қазіргі әліпбиімізде бар. Мысалы, «қ», фонемасының реңктері х, h дыбыстары қош-хош, қалық- халық, қабар-хабар, қайыр-хайыр, қақарман-қахарман-қаhарман, Гауқар-Гауhар-Гаухар деген сөздерде қай дыбысты қолдансаң да мағына өзгермей тұрғаны, бұл кемшілік бір фонеманы үш әріппен таңбалаудан туындаған. Сөйтіп, қазақтың «қ» фонемасымен айтылатын сөздер әліпбиімізге қазақ тілінде жоқ, орыстың «х» фонемасы енгізілуіне байланысты, бірде қазақтың «қ» фонемасымен, бірде орыстың «х» фонемасымен, енді бірде араб сөздеріндегі «h» фонемасымен әр түрлі жазылып, жұртты адастырып жүр. Сондай-ақ, қазіргі жазуымызда қазақ тілінде «қатаң дыбыстан соң қатаң дыбыс, ұяң дыбыстан соң ұяң дыбыс келеді» деген заңдылығы «сұхбат», «сахна», «мәслихат», «ресми», «шашлық», «лағман», «қызмет» сияқты т.б. көптеген сөздерде бұзылып жүр. «Емле», «мемлекет», деген сөздер де дұрыс жазылмай орнығып қалды. Қазақ тілінің дыбыстық заңы бойынша сөз басында- «и», «у», «л», «р», дыбыстары, ал сөз аяғында «б», «д», «ж», «г», дыбыстары келмейтін болса, йод, йон, университет, логика, ленолиуим, лагерь, радио, рельс, штаб, завод, гараж, массаж, монтаж, филолог, монолог, педагог сияқты т.б сөздерде дыбыстық әуеніміз басқаша күй кешіп тұр. Бір түбір сөздің ішінде бір дыбыстың қатар қайталануы бұрын араб сөздері арқылы келсе де, оны халық ұлттық бояуымен өзгертіп (молла-молда, алла-алда-Алдаберген, суннат-сүндет, үммет-үмбет) алса, орыс тілі арқылы келген «касса», «миллион», «тонна», «аппарат» сияқты сөздер шәлкес тіркестермен өзгеріссіз қолданып, жастарымыз өзгеріссіз айтып жүр. Басқа тілдің сөздеріне есікті айқара ашып тастап, «қонақжайлық» танытып, сол күйінде ала беру тілдің лексикалық жүйесінде өзге сөздердің салмағы арта түсуіне, өз сөзіңнің азая беруіне себепкер болады. Мұндай әрекеттер тілді өшірмесе, өсірмейді. Бүгінгінің білікті ғалымдарының бірі Б.Қалиев: «Халықаралық терминдер барлық тілде еш өзгеріссіз алынады, деген ой дұрыс емес»,-дейді. Ғалымның бұл сөзінің дұрыстығын тіліміздің қазіргі жайынан-ақ анық байқауымызға болады. Бұл жөнінде Ш.Құрманбайұлы: «Терминологиямыздың негізгі бөлігін өзге тілдерден дайын қалпында қабылданған терминдер құрап тұрған біздің жағдайымызда ұлт тілінде термин жасауға айрықша мән берілуі керек», — дейді. Қазақ терминологиясының өз ана тілімізде қалыптасуы – туған тіліміз болашағының бір кепілі. Сондықтан Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы сияқты терминология саласы мамандарының көзқарастарына ерекше назар аударған жөн деп білеміз. Негізінен барлық терминді жалпы жұрттың білуі де міндет емес, бәрін білу де мүмкін емес, сондықтан жалпы жұртқа өз тіліндегі термин ғана қажет, ал маманға өз тіліндегі терминмен бірге халықаралық деңгейдегі терминдерді де білу қажет. Осы тұрғыда қарасақ, бізде, құдайға шүкір, өзге тілдегі, халықаралық деңгейдегі терминдерге сүрініп жығыламыз да, өз тіліміздегі, яғни А.Байтұрсынұлы ұстанымдары бойынша жасалған, терминдер, тіл-әдебиеттен басқа салада, өте аз екенін білеміз. Менің ойымша, терминология үлкен жауапкершілікті қажет етеді: барлық терминді өз тілімізде сөйлетеміз деген де, өзгертпей қабылдай береміз деген де қателеседі, осы екеуінің шегарасын таба білген ұтады. Сондықтан өзге тіл сөздеріне жармаса бермей, таза ұлттық терминология қорын жасауға ерекше мән беріп, Президенттің Жолдауында айтылған «Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек»,-деген тапсырмасын бағдар етіп алуымыз керек.
Jsk ақпарат