• 31 октября, 2025 12:42 пп

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ V «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ» ЭСТРАДАЛЫҚ ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Автор:admin

Окт 31, 2025

Түркістанның рухани төрінде дәстүрге айналған республикалық «Түркістан дауысы» эстрадалық жас орындаушылар байқауы биыл да жас дарындардың өз өнерін паш етуіне жол ашты. Талай талантты түлеткен дүлдүлдер додасына биыл – 5 жыл.

Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Осындай елдің мәдениетін дамытуға бағытталған шаралардың көптеп өтуі – бұл бастаманың жүзеге асуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін. Бүгінде облыс ортылығына айналған қасиетті шаһарда руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлінуде. Соның айқын дәлелі – республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы. Бұл өнер додасы Түркістанның жаңаша бағытта дамуына жасалған оң қадамның бірі деп білеміз. Ән додасында бақ сынауға еліміздің барлық өңірінен келген жас дарын иелеріне сәттілік тілейміз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Екі күнге созылған өнер додасына еліміздің түпкір-түпкірінен 18 бен 35 жас аралығындағы әншілер  бас қосуда.  Жалпы, биыл байқауға 100-ден астам үміткер өтінім жолдап, онын ішінде іріктеуден 17 қатысушы өтіп, байқауда өз бақтарын сынап жатыр. Байқау шартына сәйкес еліміздің танымал композиторларының әнін авторлық аранжировкада, ал екінші кезеңде үміткер өзі таңдаған шығарманы вокалды аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындайды.

Түркістанның өз қолтаңбасына айналған дүбірлі ән додасында  елімізге танымал Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов және Мейіржан Алиакбаров қазылық етуде. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына баса назар аударады.

Шараның мақсаты – дарынды, шығармашыл жастарға қолдау көрсету, қазақ музыкасының жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттау, оның өркендеуіне ықпал жасау. Отандық музыкалық туындылардың бәсекелестік әлеуетін арттыру. Сонымен қатар жас талант иелерін анықтап, олардың орындаушылық өнерінің кәсіби деңгейінің көтерілуіне қолдау көрсету.

Айта кетейік,  жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталады. Бұл байқау ертең де өз жалғасын табады.

Автор: admin