• 21 ноября, 2024 3:41 пп

ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛУАНДАР ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА 7 МЕДАЛЬ ОЛЖАЛАДЫ

Автор:admin

Фев 6, 2024

Астана қаласында 1-5 ақпан аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ел чемпионаты өтті. Айтулы күрес бәсекесіне еліміздің 20 өңірінен 600-ден астам балуан қатысып, боз кілемде өзара мықтыларын анықтады. Бұл ел біріншілігінің әлеуеті жоғары. Шын мықтылар ұлттық құрамаға шақыртылып, Париж олимпиадасының жолдамасы үшін өтетін лицензиялық жарыстарға қатысады.
Қазақстан Республикасының күрес түрлері федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов биылғы ел чемпионатында балуандардың қандай дәрежеде өнер көрсеткеніне тоқталыа, олимпиада жылы болғандықтан барлық салмақ дәрежелерінде елдің намысы үшін күресетін саңлақтарды жан-жақты зерттеп, додаға тынғылықты дайындау керегін жеткізді.
Жалпы 5 күнге созылған күрес бәсекесі өте жоғары деңгейде өтті. Барлық балуандар елшілік додада топ жару үшін боз кілемде аянып қалмады. Осы орайда Түркістан облысының балуандарының да қанжығалары майланды. Грек-рим күресінде жалғыз қоланы 55 келідегі жерлесіміз Қасым Аден олжалап, облыс қоржынына салды.
Әйелдер күресінде түркістандық бұрымдылар жарады. Олар 1 күміс, 4 қоланы олжалап, 20 өңірдің ішінен командалық ІІІ орынды иеленді. Облыс мерейін үстем еткен арулар қатарында 53 келіде бақ сынаған Аяжан Марқашева күміс медальді мойнында жарқыратса, төрт бірдей түркістандық ару қола медаль олжалады. Атап өтсек, 57 келідегі талантты балуан қыз Шұғыла Өмірбек, 59 келіде Мадина Аман, 65 келіде Гүлдана Өсербай, 72 келіде Шәмшиябану Тастанбек сынды дарынды бұрымдылар бар.
Еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Ерлан Сатымбетов бастап келген шәкірттер де жүлде үшін тартысты жекпе-жектер өткізді. Қорытындысында облыс мақтанышы, 57 келіде белдескен Асылжан Есенгелді қола алқаны місе тұтты.
Айта кетейік, ел чемпионатында топ жарған балуандар сәуір айында Қырғызстан елінде өтетін лицензиялық Азия чемпионатында бақ сынайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin