Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес арнайы құрылған мобильді топ Жетісай және Мақтаарал аудандарына іс-сапармен барды. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған топ мүшелері мақта мәселесі бойынша аймақтағы зауыттардың алдағы науқанға дайындығымен және мақта класстерін дамыту бойынша жергілікті әкімдіктердің атқарған жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, ауданға қарасты ауыл әкімдері, ауылшаруашылығы және жер қатынастары саласының мамандарымен жиын өтті.
Айта кетейік, бүгінгі күні Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 60,8 мың гектарға жеткен. Оның ішінде 18,2 мың тонна көкөніс, 411,4 мың тонна бақша, 5,1 мың тонна картоп өнімдері жиналды. Қысқы маусымға қажетті 120 мың тонна мал азығы анықталып, 73,5 мың тонна өнім дайындалды.
Ал, Жетісай ауданында биылға ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 79,2 мың гектарға жетіп отыр. Бүгінгі күнге 71 мың тонна көкөніс, 614,2 мың тонна бақша, 1,8 мың тонна картоп өнімдері жиналған. Қысқы маусымға қажетті 195 мың тонна мал азығы анықталып, 160,5 мың тоннасы дайындалған.
Аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру үшін заманауи ылғал үнемдеу технологияларын енгізу және озық инновациялық әдістерге көшу бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.