• 24 ноября, 2024 11:07 дп

ТҮРКІСТАН: ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІМЕН ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУ ЖАЙЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Автор:admin

Ноя 4, 2022

 

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Конгерсс холл» ғимаратында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесті. Сондай-ақ кездесуге ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев қатысты.

Жиынға Түркістан облысының ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов модераторлық етті.

Кездесуде қоғамдық келісімді қалыптастыруға үлкен үлес қосып отырған ЭМБ басшыларымен бірлесе жүзеге асып отырған жұмысты жетілдіру жолдары талқыланды.

Келелі басқосуда Дархан Қуандықұлы министрлік тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға басымдық беріліп, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі арта түсетіндігін жеткізді. Мәселен биыл 1800-ге жуық әлеуметтік жоба қолдау тапқан. Мұнан бөлек, жастардың жайы да назардан тыс қалмайтындығын айтты.

«Арыстағы жарылыс, Мақтаралдағы су тасқыны, Қостанайдағы өрт апаты кезінде көппен бірге түркістандық этнос өкілдері де елдік пен бірліктің үлгісін көрсетіп, қайырымдылық қол ұшын созғанына зор алғыс айтамын», — деді Дархан Қыдырәлі.

Кездесуде Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Райымжан Қошқаров, облыстық-татар башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарид Аюпов, облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі төрағасының орынбасары Раван-Нахчивани Индира Замирқызы, облыстық қоғамдық-саяси «Южный Казахстан»газетінің бас редакторы Лимаренко Марина Анатольевна этносаралық келісімді сақтау және нығайту бағытында сөз сөйледі.

Жиында Дархан Қуандықұлы облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мухабббат Ибрагимоваға ҚР Президенті — Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен ҚХА-ның «Жомарт жан» төсбелгісін табыстады.

Кездесуді қорытындылаған министр ынтымақтан ажырамай алдағы уақытта да Түркістан өңірін өркендету жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

 

Автор: admin