Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәметтің қатысуымен Түркістан облысының әкімдігінде ауыл шаруашылық саласындағы сыбайлас жемқорлыққа жол беретін себептер мен жағдайларды жою бойынша алқалы жиын өтті.
Ауыл шаруашылығында туындайтын тәуекелдер мен бармақ басты әрекеттердің алдын алу мақсатында өткен шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысыныңі орынбасары Ө.Балажанов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Н.Бадырақов пен басқарма қызметкерлері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы аудан/қала әкімдіктерге қарасты ауыл шаруашылық бөлімдерінің және ветеринарлық қызмет мамандары мен олардың ата-аналары қатысты.
Жиында Нұрдәулет Ілиясұлы өз сөзін «Жиынға біздің ұсынысымызбен мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап жүрген лауазым иелерінің ата-аналары мен жұбайлары қатысып отыр. Арнайы шақыруымыздың себебі, жұмыстарымыздан хабардар ету, сеніп тапсырылған қызметтерін адал атқаруын, жемқорлық қылмысын жасаған әріптестерінің қателіктерін қайталамауына себепкер болу», — деп бастады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Агенттікпен және оның аумақтық департаменттерімен ел аумағында ауыл шаруашылығын субсидиялау бағытына жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде субсидияны жымқыру үшін жылдан жылға бірдей схемалар қолданылып келгендігі, мал басының айналымымен жасалатын махинациялар орын алғандығы, ақпараттық жүйелердегі кемшіліктердің негізінде жоқ малдың өзіне де субсидия берілу деректері анықталғанын жеткізді.
«Жымқырудың барлық схемалары анықталды. Әрбір заңсыз әрекет үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты бойынша қатаң шаралар қабылданатын болады. Актілерге қарап, олардың жарамдылығын қатаң тексеріңіздер, заңсыз әрекеттерге итермелейтін алаяқтардың сендіруіне жол бермеңіздер. Қылмыстар мен бұзушылықтардың бастамашысы болмаңыздар», — деп сөзін қорындылаған Нұрдәулет Ілиясұлы ауыл шаруашылығы саласының мамандарын заңбұзушылықтардан алшақ болуға шақырды.
Жиын барысында ауыл шаруашылығында туындайтын тәуекелдердің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланып, заңсыздықты болдырмау бойынша ұсыныстар ортаға салынды және шара соңында санаға сілкініс жасайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуметтік бейнероликтер жиынға қатысушылар назарына ұсынылды.
Jsk ақпарат