• 23 ноября, 2024 3:04 дп

 Түркістан мен Еліміздің азаматтық қоғамының белсенділігі артып, қоғамдық бірлестіктердің саны артты!

Автор:admin

Июл 8, 2023

    Уа­қытты тиімді жұмсау, әр сағатты елге пай­далы істермен өрнектеу – за­ман талабы. Осы қағиданы ұстанатын Түркістан облысының жұртшылығы әр таңды еңбекпен қарсы алып, әр күнді еңбекпен шығарып салуда десек қателеспейміз. Оған – 5 жыл ішінде ажары ашылып, маңдайы жарқырай түскен Түркістан қаласындағы өзгеріс­тер дәлел. 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойылған болатын. Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Көне шаһардың жаңа дәуірі басталды. Тарих үшін қысқа ғана уақыт болып есептелетін 5 жылда Түркістанда адам қызығарлық істер атқарылды. Оның ішінде азаматтық қоғам қалыптасып, қоғамдық бірлестіктердің саны артты. Кейбір ағайындар «осындай дағдарыс кезеңінде Түркістанға сонша қаржы жұмсайды? Басқа өңірдің бәрі дамып кетті ме? Жаңа құрылыс алаңы ретінде неге Түркістан таңдалды?» деген сұрақтарды қойып, қоғам талқысына салып жүр. Орынсыз талқы. Қазақ үшін Түр­кістанның орны бөлек. Түркістан – ұлттық рухымыздың жаршысы, мемлекет­тілігіміздің сақталып қалуына үлес қосқан қасиетті шаһар. Қазақтың болмысы мен тарихы, шежіресі сіңген қала.  «Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп» деген сөзінен-ақ оның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркістанды дамытуға деген ниеті, жоспары болғанын аңғарамыз. Түркістан туралы тарихи дерек өте көп. Бүгінде Күлтөбе қорғаны маңындағы археологиялық жұмыстар қаланың тарихы өте тереңде екенін дәлелдеуде. Көне ғасыр­ларда Шауғар, Яссы деп аталған шаһардың нақты қанша жыл бұрын пайда болғанын дөп басып айту қиын. Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін көрсеткен. 550 мың жыл! Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің зерттеу мақаласында Түркістан туралы маңызды деректерді жұртшылыққа ұсынды. Профессордың еңбегінде орыс зерттеушісі П.Рычковтың Түркістанды ең көне шаһарлардың бірі деп бағалап, жазып кеткені айтылады. Рычков тіпті, Ташкент, Ходжант, Кашкар, Табат және өзге де қалалардың Түркістан билігіне бағынғанын да сөз еткен екен. «Қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер Түркістан қашан қала болып қалып­тасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, метталлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазір Түркістан кішкене қала болғанымен, ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігі болды», – дейді Ж.Артықбаев. Темір дәуірінде Сырдың орта ағысы парсы деректерінде «Сака» аталған. Мұнда «Авеста» айтуы бойынша «тура» деп аталатын тайпалар мекен еткен. Сол себепті сақ-тұр тайпалары мекен еткен өлке Тұран деп аталған. Ахмет Ясауи кесенесінің салынуына байланысты Иасы қаласының көлемі батыс пен оңтүстікке қарай ұлғайып, аймақтың саяси орталығына айналады да, қала жаңа атаумен – «Әзіреті Түркістан» деп аталады. XVI ғасырдан бастап «Түркістан» атауы қалаға мықтап бекиді. Жалпы, қазақ даласында қалалар аз болмаған. Олардың ішінде ежелгі Иа­сының, одан берідегі Түркістанның жалпы түркі жұрты, оның ішінде қазақ халқы үшін қадір-қасиеті де, ұлт тарихынан алатын орны да ерекше болған. Ол – өткен мен бүгінгіні жалғап тұрған, кешегіміз бен келешек арасындағы алтын көпір іспетті. Қазақтың айбынды хандары мен би­лері, ұлы тұлғалары өмір сүріп, мәңгі қоныс тапқан Түркістан туралы әлі талай зерттеулер жүргізіліп, деректер ашылатыны анық. Қазір Қ.А.Ясауи кесенесі маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру мен археоло­гиялық жұмыстардың өзінде жәдігерлер табылып, зерттеліп жатыр. Ендеше кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанды қолдау, дамыту – тарих алдындағы әділдік. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген шешімін айтпай кетуге болмайды. 1992 жылы «Бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз» деген Елбасы Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстарды бастап берді. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Қытайды, Орта Азия мен Ұлы даланы жалғастырып жатқан тарихи шаһардың туристік әрі экономикалық әлеуеті жоғары. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастауында да үлкен мән бар. «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген еді Қазақстан Президенті. Бүгінде Мемлекет басшысының тіке­лей қолдауымен, ел Үкіметінің жіті қада­ғалауымен Түркістан қаласындағы құрылыс қарқынды түрде жалғасып жатыр. Түркістан – еліміздегі тұрғын саны көп өңірдің бірі. Демографиясы жоғары. Өзекті мәселелері де аз емес. Тек облыс орта­лығын ғана емес, тұтас облысты да­мыту бағытында да жүйелі жұмыс бар. Өткен жылдың қорытындысы туралы жұртшылыққа ақпар берілген. Сондықтан Түркістан облысының 2020 жылдың қаңтар мен сәуір айы аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Облыста 168,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,1 %-ды құрады. Тек Түркістан қаласына салынған ин­вестицияның өзі 160 млрд теңгеден асты. Түркістан облысының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Бұл салада жалпы өнім көлемі 110,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Оның ішінде өсімдік шаруа­шылығы – 18,3 млрд теңгені (100,0%), мал шаруашылығы 90,8 млрд теңгені құрап отыр(102,8%). 71,1 мың тонна ет (тірідей салмақта), 221,1 мың тонна сүт, 65,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Түркістан облысы құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артты. Облыс әкімінің бастамасымен Түр­кістан қаласы маңында жасыл белдеу қалыптастыру және жаңбырлатып суғару тәсілін енгізу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. «Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа тех­нология қою керек. Сала үш бағытта дами­ды. Үлкен шаруашылық жасап не орта шаруа­шылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмауы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы. Бүгінде Түркістан облысында 2-3 га алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беріп жатыр. Жобаның тиімділігі сол 1 га жерден жылына 6-7 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруа­шылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруда облыста Сарыағаш, Түлкібас, Жетісай, Отырар, Келес аудан­дарында ілкімді іс бар. Түркістанды жасыл қалаға айнал­дыруды негізгі мақсаттың бірі деп баға­лайтын Өмірзақ Естайұлы ауыл шаруашылығындағы жаңа тәсілдерді енгі­зуге бастамашыл болып келеді. ­Шаруалармен кездесуінде өңір бас­шысы «Түркістанның айналасына каналдар қазылып, су келді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары көбейгені қуантады. Аптап ыстықта ыры­сын қара жерден іздеген шаруалар мез­­гілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді. Осылайша, біз қалада «Азық-түлік белдеуін» қалыптастырамыз. Жаппай жүргізілген «Жасыл белдеу» шаңды жел мен дауылдан қорғану үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалуда. Жасыл желекке бөленіп, қала­дағы ауаны тазартып, климатты жұм­сартады» деген болатын. Өңірде 141,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиіс­ті кезеңімен салыстырғанда 128,7%-ға ұлғайды. 2020 жылдың қаңтар мен наурыз айы аралығында Түркістан облысының сыртқы сауда айналымының көлемі 58,6 млн АҚШ долларына жетсе, оның ішінде экс­порт көлемі 42,1 млн АҚШ долларын құраған. Сәуірдегі көрсеткіш бойынша облыс халқының саны 2 022,7 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 1,5%-ға өсті. Бұл деректерді бекер қозғап отырған жоқпыз. Әрбір сан мен көрсеткіштің артында мыңдаған адамның маңдай тері мен еңбегі жатыр. Жалпы, тарих үшін екі жыл дегеніңіз өте қысқа уақыт болғанымен, Түркістан облысы осы уақытта үлкен белесті бағын­дырды. Аудан, қалаларды дамыту бойын­ша да жүйелі жұмыс, бағдарлама бар. Қиын­дықтар да көп кездесті. Былтыр Арыс қа­ласындағы жарылыстан кейін тұтас қала қайта салынды деуге болады. Биыл Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жою бойынша да өңір басшысы шұғыл шешім қабылдап, істі бақылауға ала білді. Өзбекстанға барып, су арнасын бұру туралы келісімге қол жеткізді. Қазіргі таңда Мақтааралдағы бес ауылдың тұрғындары үшін баспана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өңірде «Nur Otan» партиясы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, «Қамқорлық» бағдарламасын, «Біз біргеміз» акциясын жоғары деңгейде атқарып келеді. Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоры­ның шарапатын көргендер де аз емес. Облыстағы партия фракциясының мүшелері, мәслихат депутаттары және өзге де меценат азаматтар елге көмектесіп, жанашырлық танытты. 40 мыңнан астам отбасына азық-түлік беріліп, 17 мыңнан астам отбасына 50 мың теңгеден аударылды. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облысқа бірнеше рет жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өзекті мәселенің шешілуіне ұйытқы болды. Қысқасы, Түркістанда қайнаған еңбек, болашаққа деген сенім бар. ЮНЕСКО-ның өзі мойындаған киелі шаһар тұтас өңірді алға сүйрейтін күшке айналып, экономикаға оң серпін беретін күндер алыс емес. Қазір Түркістан өңірінің, Түркістан қаласының жаңа ғасырдағы жылнамасы жазылып жатыр. Жылнама жарқын істер­мен өрнектеле бергей!  Түркістан облысының азаматтық қоғамның дамуы оны жаңғырту үрдісі – ұдайы белсенділікті және біртіндеп сапалы құрылымдық қоғамды, оң өзгерістері мен даму факторлары болып табылады. Атап айтқанда, білім, ғылым, мәдениет, халықтың өмір сүру сапасы, адами капитал. Қазіргі Қазақстанның қоғамдық дамуына алдымен саяси плюрализмнің орнығуы мен дамуы тән. Бұл әртүрлі қоғамдық және саяси бірлестіктердің пайда болуы мен дамуына байланысты. Олардың көбі бұрынғы клубтардан пайда болған. Мысалы, 1988 жылдың жазында «Көк майдан» ассоциациясы пайда болды. Ол астана ауасын ластайтын және Сорбұлақ көлі плотинасының бұзылып кету қаупі сияқты мәселелерімен айналысты. Бірінші рет көпшілік ұйымдара да пайда бола бастады. Солардың бірі халықаралық антиядролық «Невада–Семей» қозғалысы. Бұл ядролық сынақтарды тоқтатуда ұлкен рөл атқарды. 1988 ж. соңында «Мемориал» қозғалысымен бастауымен, оның бөлімшелері Алматы, Ақмола, Семей, Петропавловск қалаларында құрылған болатын. Халықаралық қоғамға айналған оның мүшелері Сталин кезеңінде қуғын сүргінге ұшырағандар туралы тарихи–архив жұмыстарымен айналысып және оларға қайырымдылық көмек көрсетті.

1989 жылдың сәуір–мамыр айларында студенттер мен басқа да жастар ұйымдары пайда болды. Қоғамдық саяси ұйым «Форум» бірнеше студенттік ұйымдар негізінде ұлттық бағытта құрылды. Республикалық студенттер кеңесі олардың әлеуметтік құқығын қорғаумен айналыса бастады. 1990 ж. Қаңтарында «Бірлік» тобы негізінде әскери–саяси ұйым мен тәуелсіз студенттер Одағы құрылды. 1990 жылдың көктемінен саяси партиялар мен саяси – қоғамдық қозғалыстардың пайда болу процесі басталды. Бұл кезде социал–демократия партиясы «Азат» азаматтық демократия қозғалысы сияқты бірлестіктер ұйымдастырыла бастады. 1990 ж. сәуір–мамыр айларында «Алаш» ұлттық партиясы, «Желтоқсан» ұлттық демократия партиясы құрылды. Ол кездегі ұйымдасқан саяси–қоғамдық құрылымдардың негізгі айырмашылығы, оларда Республиканың тәуелсіздігі туралы жаңа ұрандардың пайда болуы.

Қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдардың уставын тіркеу Республикада Әділет министрлігінде жүргізіледі. Бұл процедура бірлестіктерге мемлкеттік қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар мен қарым–қатынаста, сондықтан оған кіретін азаматтар арасында шектеу орнатады. Бірлестіктерге заңды құқық береді. Қоғамдық бірлестіктер деп–азаматтардың өз еркімен, олардың тілегі негізінде құырлған ұйымдарды айтамыз. Қазақстан Республикасы аумағында саяси партиялар, көпшілік ұйымдар, кәсіподақтар, әйелдер, арагерлер, ғылыми, техникалық, жастар және балалар ұйымдары, мәдени–ағартушылық т.б. ерікті қоғамдар, шығырмашылық одақтар, жерлестер, қорлар, ассоциациялар–қоғамдық бірлестіктер болып танылады. Қоғамдық ұйымдардың партиядан айырмашылығы олар бірінші орынға саяси мәселелер қоймайды, саяси бағдарлама жасамайды.

Қоғамдық – саяси қозғалыстар – ол әлеуметтік, экокномикалық, саяси және рухани тілегі бір әрдайым қозғалыстағы көптеген адамдардың бірлестік тобы.

Қоғамдық бірлестіктерді құру және жұмыс істеуінің негізгі принциптері мыналар: еріктілігі, мүшелерінің (қатысушыларының) тең құқықтығы, өзін–өзі басқару, заңдылығы, ашықтылығы.

Қоғамдық бірлестіктер құрылуы мен құқығы және қызметінің тоқтату шарты «Қазақ ҚСР–дағы қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның 2,3 тарауларында баяндалған. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең құқықты. Олардың құқықтары жарғыларында белгіленеді. Қоғамдық бірлестіктер өздерінің мақсаты мен қызметі жөнінде еркін хабар тарата алады, өз органдары арқылы өз инициативасын жүргізеді, өз мүшелері мен қатсушыларын көрсете біледі және олардың тілегін қорғай алады, сонымен қатар сол сияқты заңға қарсы емес уәкілдіктер жүргізе алады. Қоғамдық бірлестіктер мен мемлекет арасындағы қарым–қатынас 1995 ж. 30 тамызда қабылданған ҚР конституциясы негізінде реттеліп отырылады. Мәселен, конституцияның 5–бабында «Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей. Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекеттік органдарына, қызметін жүктеуге, қоғамдық бірлестіктерді, мемлекеттік қаржыландыруға жол берілмейді» – делінген. Конституция нормаларын бұзуға бағыттлаған мақсаты мен қимыл көрсеткен қоғамыдық бірлестіктерді құруға немесе қызмет істеуге рұқсат етілмейді.

Қазіргі кезеңдегі қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдар

Басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар баршылық. Алдына қойған мақсаттарына қарай оларды былайша топтастыруға болады:

1) Экологиялық бағыттағы ұйымдар. Оларға жататындар «Невада-Семей» қозғалысы, «Арал-Азия-Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитеті, «Табиғат» комитеті, т.с.с.;

2) Тарихи — ағартушылық қоғамдар: «Мемориал», «Әділет», «Ақиқат» және т.б.;

3) Әлеуметтік талаптар қойған ұйымдар: «Атамекен», «Алтынбесік», «Жерұйық» «Шаңырақ» және т.с.с.;

Сонымен қатар республикада ардагерлер, әйелдер, жастар одақтары және т.б. көптеген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар бар. Осылардың бәрі, өз ерекшеліктері болуына қарамастан, еңбекшілердің белсенділігін арттырып, Қазақстанның гүлденіп өркендеуіне, тұрақты дамуына үлестерін қосқанда ғана мақсаттарына жетпек.

Енді соңғы мәліметтер бойынша, бір ғана Қарағанды облысында 6 саяси партия, 8 саяси мақсаттағы қоғамдық қозғалыстар, 16 жастар ұйымдары, әйелдер ұйымдары, 13 ұлттық мәдени орындар, 2 табиғат қорғау қозғалысы, 15 тәуелсіз кәсіподақ, 85 діни бірлестікітер, 273 басқа да әр түрлі ұйымдар мен бірлестіктер бар. Енді барлық облыстардың қоғамдық қозғалыстары мен бірлестіктерінің қанша екендігін ескерсек, түсінігіміз кеңейе түспек.

Егемендік, тәуелсіздік алу қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жұмысын түбірінен қайта құруға объективті негіз қалады. Ұйымдар мен қозғалыстар саяси процеске тартылды, өмірді өзгерту және жақсарту олардың іс-әрекетіне де байланысты деген түсінік әрбір адамның санасына ене бастады. Бұл тоталитарлық саяси режімнен демократиялык өмірге енудің айғағы болды. Бұқараның іс-қимылының артуына, көптеген саяси-қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың өмірге келуіне жағдай жасады.

Жеке ұйымдар мен қозғалыстар.

«Азат» азаматтық қозғалысы. Бұл ұйым 1990 жылдың шілде айында Алматы қаласында құрылды, әр түрлі партия, кәсіподақ, әйелдер, ардагерлер, діни, жастар, т.б. ұйымдарды біріктіреді. Іс-әрекеттің нысаны мен тәсілдерінің негізі: мемлекеттік билік органдарын конституциялық жолмен қалыптастыру; баламалы заң жобаларын жасау; жоғарғы және жергілікті ұйымдардың қабылдайтын саяси шешімдеріне; жиналыс, митингі, шеру тарту ісіне қатынасу.

«Азаттың» бөлімшелері барлық облыстарда бар, жоғарғы органы — съезд, 300-ден астам мүшелері бар. Ең көп мүшелері Түркістан облысы, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында.

«Азат» басқа елдердегі осындай қозғалыс ұйымдары мен тікелей байланысты. «Азат» газетін шығарады, «Қазақ тілі» қоғамымен тікелей байланыста.

«Азат» қозғалысы республика жерінде өз жарғысына, Конституцияға сәйкес жұмыс жүргізеді. Негізгі мақсаты — толық саяси-экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу, әлеуметтік әділеттілік жөне демократия принциптерін іске асыру, барлық азаматтардың материалдық және рухани өмірін қамтамасыз ету.

Экономика саласында жер, кен байлықтары, су, орман және басқа да байлықтар республиканың меншігі. Жер сатылмауы керек, бірақ қажеттілікке қарай жалға беріледі. Ұлт мәселесінде барлық азаматтар тең құқықты, ұлтына, дініне қарай бөлінбеу керек.

Қазақ мектебінің және тәрбиенің ұлттық тұжырымдамасы жасалуы керек. Қазақстан тарихы, қазақ тілі және әдебиеті барлық оқу орындарында дербес пән ретінде оқытылуы қажет. Басқару жүйесінде тоталитарлық үстемдікке, әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы күрес жүргізілуі кажет.

«Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы — жарғысы, бағдарламасы бар. Қоғам мүшелері 19 халық комиссарының (министрдің), 1938 жылы Алматы маңында атылғандардың көмілген жерлерін анықтады. Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу үшін қаржы жинады.

Қазіргі уақытта «Әділеттің» Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматыда жергілікті ұйымдары бар. Қоғам мүшелері 1500-ге жуық, негізінен студенттер және қоғам қайраткерлері.

«Ақиқат» тарихи-ағартушылық қоғамы 1988 жылы желтоқсанның 13-інде құрылды. Қоғамның мақсатының бірі — халықтың ескі әдет-ғүрпын қалпына келтіру, туған өлкенің тарихын зерттеу, қазақ және басқа халықтардың ұлттық тілін дамыту. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы бірнеше мақалалар және кітаптар жариялады. Қоғамның үш мыңнан астам мүшесі бар. Алматы, Түркістан облысы, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарында бөлімшелері бар. Қоғам жүмысына негізінен зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатынасады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin